02 сәу, 2026 сағат 17:04

Мұнай бағасы өсуде: пайда ма, әлде қауіп пе?

Фото: Ult.kz / ЖИ арқылы жасалған
Таяу Шығыс аймағында соңғы кезеңде геосаяси ахуал қайта шиеленісіп, бірқатар елдер арасындағы қатынастар күрделене түсті. Қауіпсіздік мәселелері, қарулы қақтығыстардың күшеюі, сондай-ақ сыртқы державалардың ықпалы өңірдегі тұрақтылыққа әсер етуде. Сарапшылардың айтуынша, бұл үдерістер тек аймақ елдеріне ғана емес, жаһандық қауіпсіздік пен экономикаға да ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мұнай бағасының көтерілуі алғашында оң әсер беретіндей көрінсе де, белгілі бір деңгейден кейін бұл жаһандық экономиканы бәсеңдететінін, ал Қазақстанның экспорттық әлеуетіне кері ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.


Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
«Жалпы әлемдегі үлкен державалар арасында қақтығыстың болуы әлемдік экономиканы, оның құрамдас бөлігі Қазақстанның эколомикасын көгертпейтіні анық. Мысалы үшін кейбір адамдар мұнайдың бағасы өсе бастапты ғой деп қуанып жатыр. Бірақ белгілі бір өсімнен кейін, мысалы үшін барреліне 150 доллардан ары қарай өсіп кетін болса, әлемдік эколомика тоқтай бастайды. Көп ақша мұнайға кеткеннен кейін, өзіңнің өсіміңді, басқаны тежейтін жағдайға келесің. Бізден мұнайды жиі сатып алатын шығар, есесіне біздің астықты алмауы мүмкін, басқаны алмауы мүмкін. Сондықтан мұның жақсылығы жоқ екені анық. Бірақ осының бәрін көріп, сезіп отыру, осыған дайын болу, керек болатын болса дер кезінде заңдарды ауыстырып, жаңа мүмкіндіктер ашу, жаңа ратификациялар жасау, жаңа келісімшарт жасай білу бұл – мемлекет пен парламенттің міндеті», –деді мәжілісмен.


Таяу Шығыстағы кез келген тұрақсыздық мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Бағаның өсуі мұнай экспорттаушы елдер үшін қысқа мерзімде тиімді болғанымен, ұзақ мерзімде жаһандық экономиканың баяулауына алып келуі мүмкін.

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы Тимур Сүлейменов тілшіміздің сұрағына жауап беру кезінде Таяу Шығыста болып жатқан соғыстар биылғы жылы теңгенің нығаюына немесе әлсіреуіне тікелей әсер ететін басты фактор ретінде атады. 


Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Ол біздің басты экспорт тауарымыз мұнай бағасына тікелей әсер етуде, сондықтан теңгенің құны да соған қарай өзгеруі мүмкін», – деді Сүлейменов.


Алайда Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Қазақстан мен Иран арасындағы шекара мәселелері ел қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін, көршілер арасындағы қатынастар тұрақты екенін, сыртқы саясаттың берік әрі нақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Фото: Facebook/Samat Nurtaza
«Иранмен біз шектеспейміз. Ол ел біздің көршіміздің көршісі. Сондықтан да қауіп жоқ деп есептеймін. Сыртқы саясатымыз біздің берік, нақты, оған еш уайымдау, толқуға негіз жоқ. Тек қана шекара мәселесін қамдап, жөндеп қою керек деп ойлаймын», – дейді ол. 


Сонымен қатар, Нұртаза қазіргі мұнай бағасының өсуі ел экономикасына оң әсер ететінін, бұл қаржының мұғалімдерге, дәрігерлерге және басқа әлеуметтік салаларға бағытталуына мүмкіндік беретінін жеткізді. Депутаттың пікірінше, шекараны реттеу мен экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет.

Жалпы алғанда, Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал – көпқырлы және өзара байланысты факторлардың нәтижесі деп есептейді сарапшылар. Олардың пікірінше, жағдайдың әрі қарай дамуы дипломатиялық келіссөздердің нәтижесіне, сондай-ақ ірі державалардың ұстанымына тікелей байланысты болмақ. 


Балжан Жеңісқызы