01 сәу, 2026 сағат 16:05

Қазақстандық компаниялар Циндаода $125 млн келісім жасады

Фото: ҚР СжИМ

Циндаода өткен сауда-экономикалық миссияның қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялар қытайлық серіктестермен жалпы сомасы $125 млн болатын келісімдерге келді, деп хабарлайды Ult.kz.

Шаньдун - Қытайдағы ірі экономикалық өңірлердің бірі. Мұнда қуатты өндіріс базасы мен үлкен тұтыну нарығы бар. QazTrade мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Шаньдун арасындағы тауар айналымы $2,2 млрд-қа жетіп, 40 пайыздан астам өсті.  

Миссияға 25-тен астам отандық компания қатысты. Сапардың негізгі бөлігі қытайлық импорттаушылар мен дистрибьюторлармен тікелей B2B кездесулерге бағытталды.

Қазақстан Қытай тарапына агроөнеркәсіп пен терең өңделген өнімдер ұсынды. Ұн, май өнімдері, бал, сүт және кондитерлік тауарлар қытайлық бизнес тарапынан жоғары қызығушылық тудырды.

Сапар аясында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шаньдун провинциясының басшылығы және бизнес өкілдерімен келіссөз өткізді. Негізгі назарда жеткізілім көлемін арттыру және келіссөздерді нақты нәтижеге айналдыру. Сондай-ақ индустриялық кооперация мәселесі де талқыланды. Сапар аясында министр әлемдік ірі тұрмыстық техника өндірушілерінің бірі Haier компаниясының өндірістік алаңына барды.

Сауда-экономикалық миссиясы Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade ұйымдастыруымен өтті.