Фото: Polisia.kz
Астана Полиция департаментінің ЖПҚ ротасының командирі пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласы Полиция департаментінің жол-патрульдік қызмет ротасының командиріне қатысты соталды тергеу жүргізіп жатыр.
"Лауазымды адам азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдағаны үшін прокуратура жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бұрынғы қызметкері "Ж" арқылы сот жүйесінің қызметкерлеріне ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деп күдіктенеді.
"Ж" прокуратурада әкімшілік лауазымды атқара отырып, жедел қызметкер болмаған. Қылмыс жасау кезінде жұмыссыз болған. Биыл 8 маусымда тергеу сотының санкциясы бойынша аталған адамдар қамауға алынды. Соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.