09 қыр, 2023 сағат 14:19

Астанада есірткі сатып, қару қолданған қала тұрғындары ұсталды

Фото: Polisia.kz

Астаналық полицейлер есірткі сатып, қару қолданған қала тұрғындарын қамауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері елордадағы дәмхана маңында жанжал кезінде қару қолданған 31 жастағы ер адамды анықтады. 

Сараптамаға сәйкес, тапанша газ-травматикалық калибрлі 45 RUBBER, МП-80-13Т тапанша екені анықталған. 

"Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ 38 жастағы елорда тұрғынына тиесілі ВАЗ-2115 автокөлігінің салонын тексеру барысында полиэтилен пакеттерге оралған 435 дана көлемінде мефедрон есірткісінің ірі партиясы тәркіленді. 

Бірқатар сараптама тағайындалды. Оның ішінде сот-химиялық сараптамалар да бар. Есірткі сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды" - делінген хабарламада.

Осы қылмыстарға қатысы бар екі адам да УҰИ-ға қамалды.