28 қаң, 2018 сағат 20:58

Астана Кабулдағы терактіні қатаң айыптайды

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2018 жылғы 28 қаңтарда Ауғанстан астанасы Кабулда болған "адамгершілікке жатпайтын, ондаған бейбіт адам қаза болған, террористік әрекетті қатаң айыптайтыны" туралы мәлімдеме таратты.

"Жедел жәрдем көлігін қылмыстық мақсатқа пайдалану – аса жантүршігерлік, арсыз және зұлым əрекет. Қазақстан Ауғанстан халқы жеткілікті түрде зорлық-зомбылықты басынан кешкенін мәлімдей отырып, халықаралық қоғамдастықты өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мен алдын алу дипломатиясы құралдарын тиімді пайдалану арқылы осы елге тағы да қолдау көрсетуге шақырады" делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге Қазақстан Кабулдағы шабуылдан қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін білдірген.

Еске сала кетейік, сенбі күні Кабулдың орталығында үкімет ғимараттары, шетелдік елшіліктер мен дүкендер орналасқан жерде болған террорлық шабуылдан мерт болғандар саны, ресми өкілдердің мәліметі бойынша, 95 адамға жеткен. 190 адам жарылыстан зардап шеккен.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, терроршылар тексеру-бақылау бекеттерінен өтіп кету үшін жедел жәрдем көлігін пайдаланған. Куәгерлердің сөзінше, жарылыс толқыны оқиға болған жерден жүздеген метр алысқа дейін сезілген.

"Талибан" радикалдық қозғалысы жарылысқа жауапкершілікті алатынын мәлімдеген.

Бұған дейін 21 қаңтарда Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне жасалған террорлық шабуыл салдарынан қаза тапқан 25 адамның 14-і шетелдіктер. Олардың арасында Украинаның алты азаматы және бір қазақстандық бар. Ол шабуылға да жауапкершілікті "Талибан" қозғалысы өзіне алған болатын.