2018 жылдың 31 желтоқсаны күні еңбек келісімшартының аяқталуына байланысты «Астана» футбол клубының Президенті Саян Хамитжанов клубтан кететін болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Астана» ФК ұжымы Саян Жақсыгелдіұлына оның клубтың дамуына, жетістіктер мен титулдарға жетуіне қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс айтып, жаңа қызметтік табыстарға жетуіне тілеулестік білдіреді!», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Астана» футбол клубында Саян Хамитжанов жұмыс істеген жылдардағы клубтың жоғары жетістіктері ретінде Қазақстан Премьер-Лигасындағы 5 дүркін чемпиондық титулын, Қазақстан Кубогын және екі дүркін Қазақстан Суперкубогын, УЕФА еурокубоктарының топтық кезеңінде төрт мәрте, соның ішінде 2015/16 жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткенін, 2018 жылы УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалына шыққанын атап көрсетуге болады. Бұдан тыс, елордалық ұжым УЕФА Клубтар рейтингі бойынша, Еуропаның үздік 50 клубы қатарына кірді.
Саян Жақсыгелдіұлы 2018 жылы Қазақстан футболының үздік топ-менеджері атанған болатын.