25 жел, 2017 сағат 13:53

«Астана» ӘКК жаңа төрағасы тағайындалды

«Астана» ӘКК» ҰК басқарған Айдарбек Ходжаназаров өз еркімен лауазымынан босатылып, компанияның жаңа басқарма төрағасы болып Нұрлан Жакупов тағайындалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Ол қысқа мерзім ішінде компанияның дамуына қомақты үлес қосып, ӘКК үздік аймақтық даму институтына айналдырды. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Астана» ӘКК берген «Елдің үздік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мәртебесі дәлел», - деді қалалық әкімдікте өткен аппарат отырысында Астана әкімі Әсет Исекешев.

Атап айтқанда, активтерді басқару бөлігінде ӘКК кірістік нормасы 3,5 есеге өсті. Инвесторлармен жұмыс әстеу және инвестициялық әлеуетті жақсарту мәселесінде 2016 жылмен салыстырғанда, жүзеге асырылған және қарастырылған жобалар саны 4 есе көбейді, тартырған инвестиция сомасы 100 млрд теңгеден асты.

«Көше саудасына - 1000 орын» бағдарламасы елорданың бизнесті жүргізуге ең қолайлы қала атануына мүмкіндік берді. Себебі бағдарламаға 1000 астам кәсіпкер қатысып, 1000 астам жұмыс орнын ашты және 800 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартты», - деген Астана әкімі Ә.Исекешев Айдарбек Ходжаназаровқа атқарған қызметіне алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Ал компанияның жаңа басқарма төрағасы болып Нұрлан Жакупов тағайындалды. Бұған дейін ол «Астана» ӘКК»ҰҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры лауазымында болған.

«Қаржылық және басқару саласында 16 жылдан астам жұмыс өтілі бар. «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық» сынды ұлттық компаниялар мен «RBS (Kazakhstan) еншілес банкі сынды бірқатар мемлекеттік және халықаралық компанияларда басқарушы лауазымдарды атқарды. Жұмысты қажетті деңгейде жалғастыру керек. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін», - деді Астана әкімі Ә.Исекешев компанияның жаңа төрағасын таныстырып.