Фото: ortcom.kz
Бүгін Президент Жолдауындада ерекше назар аударылған салалардың бірі – білім. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні меңгеру мектеп қабырғасынан басталуы қажет екенін нақты атап өтті. Осы орайда Ult.kz тілшісі депутат Асхат Аймағамбетовтен жасанды интеллектінің білім саласына ықпалы туралы сұрады.
Жасанды интеллект бүгінде тек медицина, білім немесе ғылым саласымен ғана шектелмейді. Оның әсері логистикадан бастап, әлеуметтік жүйеге, зейнетақы мен экономикалық процестерге дейін жетіп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты.
– Балаларымыз 2023 жылдан бері жасанды интеллектіні күнделікті өмірде пайдаланып жүр. Тіпті үй тапсырмасын орындауда жиі қолданады. Алайда шамадан тыс немесе дұрыс қолданбаудың салдарынан кей оқушылар қарапайым сұрақтарға жауап беруде қиналып жүр. Сондықтан ең әуелі біз жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдалану керегін үйретуіміз қажет, – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, жасанды интеллект – адам емес, тек жүйе. Ол берілген дерекке сүйеніп тұжырым жасайды. Сондықтан оған толықтай сенуге болмайды, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай білу – басты талап.
– Жасанды интеллект дәуірінде оқу сауаттылығы ерекше маңызға ие. Бұл тек мәтінді тез оқи салу емес, оқығанды терең түсіну. Бүгінде көптеген оқушылар ақпаратты қабылдауда қиналады. Мұндай жағдайда оқу сауаттылығын дамыту – негізгі міндет, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бағалау жүйесінің өзі өзгереді. Нәтижеге емес, оқушының тапсырманы орындау процесіне, ойлау қабілетіне басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ оқулықтар, үй тапсырмалары, мұғалімдердің рөлі де жаңаша сипат алады.
– «Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастырады» деген пікір қате. Керісінше, жаңа дәуірде білім берушілердің маңызы арта түседі. Бірақ олардан жаңа талаптар күтіледі: жасанды интеллектіні дұрыс қолдана алатын, оны оқыту процесіне тиімді енгізе білетін, балаларды сыни ойлауға жетелейтін мұғалімдер қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.
