12 шіл, 2023 сағат 17:43

"Әскери құрылыс" АҚ басшылығы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді

Коллаж: Azattyq Ruhy

«Әскери құрылыс» АҚ басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтың және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде туған ағасы мен жиені, сондай-ақ Тәжиденовтың қарамағындағы «Әскери құрылыс» ЖШС мен оның Астана қаласы бойынша филиалының қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты адамдар бар» - делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, олар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

"Залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құрайды. Оны өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта айыпталушылар сотқа берілді" - делінген агенттік хабарламасында.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.