11 мам, 2021 сағат 13:36

Әшімбаев коронавирустан айығып, екі апталық карантиннен оралды


Сенат спикері Мәулен Әшімбаев коронавирустан жазылып, күнделікті жұмысына оралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жайында Сенат төрағасы ресми Facebook парақшасында хабарлады. 

«Құрметті достар! Соңғы тапсырған екі ПТР сынамасының нәтижесі ойдағыдай болып, індеттен жазылып шықтым. Соған байланысты екі аптаға жалғасқан карантиннен кейін бүгін қайтадан қалыпты жұмыс форматына көшкенімді хабарлаймын» деп жазды Мәулен Әшімбаев. 

Оның айтуынша, осы уақыттың ішінде бойынан аурудың ешқандай белгілері байқалмаған. 

«Сондықтан жұмысымды тоқтатпай, қашықтан атқарып отырдым. Осы ретте жылы лебіздеріңізбен қолдау көрсетіп, тезірек сауығып кетуіме тілектестік білдірген баршаңызға алғысымды жеткізгім келеді. Мен үшін мұның маңызы зор. Алдымызда елдік мүдде жолында атқаратын әлі талай ауқымды міндеттер тұр. Соларды іске асыру кезінде де өздеріңізбен үнемі байланысты боламыз деп сенемін. Өкінішке қарай пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан сақтық шараларын ұстанып, медицина қызметкерлері мен мамандардың ұсынымдарын барынша орындауымыз керек. Бұл – өзімізбен бірге туған-туыстарымыз үшін де аса маңызды. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін! Аман болыңыздар» деп түйіндеді сөзін Сенат спикері.