21 нау, 2019 сағат 11:08

Әшімбаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. 

"Құрметті достар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Биылғы Наурыздың Қазақ елі үшін мәні мен маңызы ерекше. Себебі, Елбасының күні кешегі тарихи шешімімен елімізде жаңа жылмен қатар дамудың жаңа кезеңі басталды. Бұл кезеңде де Елбасының стратегиялық бағытының аясында жаңа биіктерді бағындырамыз деп сенемін.

Бір кездері Кеңес идеологиясының біржақты саясатының салдарынан халқымыздың рухани тамырынан нәр алатын төл мерекемізді лайықты деңгейде тойлай алмай келдік. Тек Тәуелсіздігіміз бен Елбасы саясатының арқасында Наурыз жалпыхалықтық мейрамға айналды.

Бұл күні халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары төрге шығады. Сондықтан Наурызды ұлттық кодымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге де үлкен үлесін қосатын мейрам деп қабылдаймыз.

Ел тарихындағы жаңа кезеңмен қатар келген жаңа жылымыз құтты болсын! Жаңа жыл әр қазақстандық шаңыраққа шаттық пен бақыт әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!", - деп жазды ол Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.