07 жел, 2016 сағат 08:27

Асад күштері Алеппоның тағы бірнеше ауданын қайтарып алды

Алеппоның шығысындағы соғыстан қираған әл-Шаар ауданы. Сирия, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Сирия үкімет әскері мен оны қолдайтын күштер Алеппоның шығысындағы көтерілісшілер бақылайтын тағы бес ауданды басып алды.

Syrian Observatory for Human Rights ұйымының хабарлауынша, үкімет күштері қазір Алеппоның шығысындағы бұрын көтерілісшілер иелігінде болған территорияның 70 пайызына бақылау жасайды.

Ұйым үкімет күштері көтерілісшілер бақылауындағы территориясына жақын әл-Шаар ауданын басып алғанын, көтерілісшілер үкімет әскерімен "жан алысып, жан беріскен соғыста" титықтап қалғанын айтады.

Ресей қорғаныс министрлігі де Сирия үкімет күштері Алеппоның тағы бес ауданын басып алғанын, осымен көтерілісшілерден қайтарып алған аудан саны 35-ке жететінін мәлімдеді.