Үй салып, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арзан несие алатын қазақстандықтардың қатары артып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметтері бойынша, бұл банк беретін әр бесінші несие үй салуға немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге беріледі екен. Жалпы алғанда 2017 жылы баспана жағдайын жақсарту үшін ТҮҚЖБ-ден 33 219 қазақстандық заем рәсімдеді дейді қаржы институты өкілдері.
Орал қаласының тұрғыны Артур Ахметсафин ТҮҚЖБ-дегі алғашқы депозитін үй салуға, ал екіншісін жаңа баспананың жөндеу жұмыстарына жұмсаған екен.
- Жарым екеуміз ата-анамыздың үйінде тұрдық. Бірақ үнемі жеке баспанамыз болса деп армандайтынбыз. Ең бастысы, біз сол баспананы өз қолымызбен тұрғызғымыз келді. Асан ауылында жер теліміміз бар болса да, бірден үй тұрғызуға мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан, ең дұрысы – ақша жинау деп шештік. Сосын әр банктің шарттарын таразыдан өткізіп, нәтижесінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашуға бел будық. Өзімізге қажетті соманың 50%-ын, яғни, 1 200 000 теңге мен қажетті құжаттарды жинап, жер телімімізді кепілге қойып, несие рәсімдедік. Сонымен қатар, біз тағы бір депозит ашып, ары қарай қаржы жинауды жалғастырдық, – дейді банк салымшысы.
Артур ай сайын 20 000 теңге көлемінде несие төлеп, 27 000 теңгеден депозитке салып отырыпты. Кейін отбасы үйдің қаңқасын тұрғызып, шатырын жауып, есік-терезелерін қойған соң, ішін жөндеуге кіріскен.
- Әуел баста біз депозитті баламыз үшін ашқан едік. Алайда, тез арада үйдің құрылысын бітіріп, жаңа баспанада тұрғымыз келді. Сол себепті, екінші депозитті пайдалануды дұрыс деп шешіп, бастапқы кепіл бойынша екінші несие алдық. Алдымен өмір сүруге қолайлы жағдай жасау үшін су, жылу, мен электр қуатын жүргізіп, үйдің ішкі жөңдеу жұмыстарын жасадық. Қазір мұның бәрі дайын. Тек екінші қабаттағы бөлмелерді сырлау керек. Енді баспалдақ, үйдің алды мен гараж салу қалды. Әзірге уақытымыз бар. Жазға дейін үлгереміз деп ойлаймын. Келесі жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» тағы да депозит ашамыз. Шыны керек, өмірімізде бұл банктің пайдасы тиген кездер көп болды, – деді Артур Ахметсафин.
Банктің Батыс Қазақстан облысы филиалы бизнесті дамыту бөлімшесінің басшысы Әлфия Бисикенованің айтуынша, қазіргі уақытта ТҮҚЖБ ұсынатын несиелердің 20%-ы үй құрылысына, жөндеу жұмыстары мен жер телімдерін сатып алуға беріледі екен. Сондай-ақ ол банктен депозит ашып, кемі үші жыл жинап барып заем алу мен шот ашпай-ақ несие ресімдеудің айырмашылығын түсіндіріп берді.
- Салымшы 3 жыл бойы шотына ай сайын белгілі бір сомада ақша салып отырса, ол жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын тұрғын үй заемын ала алады. Ал егер салымшы қажетті қаражатты 3 жылдан аз уақыт жинаса (мысалы 2 жыл), онда оған берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі 7,5-8,5%-ды құрайды. Депозиттің уақыты 3 жылға толғанда, жылдық мөлшерлеме 5%-ға төмендейді. Сонымен қатар, салымшы жылдар бойы депозитте ақша жинамай, бірден шот ашып, қажетті соманың 50%-ын салып, кепілзат ұсына алады. Мұндай жағдайда банк оған қажетті соманың 100%-ын 7,5-8,5%-дық жылдық мөлшерлемемен береді. Ал депозитке салынған 50% ақша жай ғана кепіл ретінде сақталмай, салымшыға пайда әкелетін салым болмақ. Жыл сайын оған мемлекеттен 20%-дық сыйлықақы, банктен 2%-дық сыйақы тағайындалады, – дейді ол.
Банктен үйдің жөндеу жұмыстарына қажетті соманы несиеге алу үшін пәтердің жаңа болуы міндетті емес. Бастысы, клиент сол пәтердің иесі немесе сол пәтерде тіркелген болуы тиіс. Сонымен қатар, мұндай жағдайда, әдетте жиналатын құжаттардан бөлек, банктен алынған несиенің шын мәнінде үйді жөндеу жұмыстарына жұмсалатынын көрсететін дәлелдемелер ұсынылады. Мысалы, үйдің жөндеуге дейінгі және жөндеуден кейінгі суреті, шығындар көрсетілген смета қажет.
Жер телімін сатып алу, үй тұрғызу мен жөндеу жұмыстарына берілетін несиені алу үшін не істеу керек?
- Депозит ашып, ақша жинау қажет. ТҮҚЖБ-де шот ашу үшін банк бөлімшесіне баруға немесе банк кеңесшісін үйге шақыртуға болады. Несие бойынша өтініш жіберу кезінде салымшының жасы 65-тен аспауы керек. Ал несиені үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында алғыңыз келсе, пәтер иесі немесе сол пәтерде тіркелген болуыңыз тиіс.
- Банк беретін несиені ең төменгі 3,5-5%-дық жылдық мөлшерлеме бойынша алу үшін үш шартты орындау керек:
* ТҮҚЖБ салымшысы атанып, жеке есепшотқа келісілген соманың кем дегенде 50%-ын жинау;
* Тұрғын үй құрылыс жинақтарын жинау мерзімі 3 жылдан кем болмау;
* Ең төменгі бағалау көрсеткіші мәніне ие болу. Бағалау көрсеткіші – қаржы тәртібінің коэфициенті. Оған ие болу үшін ай сайынғы салымдарды жүйелі түрде төлеп отыру керек.
Кеңес: бағалау көрсеткіші мәнін арттыру үшін алғашқы кездерде салымды алдын ала төлеп отырған жөн. Сонымен қатар, салым көлемі алғашқы жылдары жоғары, ал кейін төмен болғаны дұрыс.
- Үйдің жөндеу жұмыстарына жұмсалатын несиеге өтініш жіберу барысында сайтта көрсетілген стандартты құжаттар жиынтығынан бөлек бүкіл құрылыс-жөндеу жұмыстарына кеткен шығын көрсетілген смета мен үйдің жөндеу жұмыстарына дейінгі қалпын көрсететін 6 түрлі түсті сурет (10х15 см-ден кіші болмауы тиіс) қажет. Суреттер тұрғын үйдің кейбір ерекшеліктерін (мысалы, үйіңізде арка, бағана немесе алауошақтың бар екенін) анық көру үшін керек. Сонымен қатар, үйді жаңарту мен жөндеу жұмыстарына берілген несиені алған соң клиент 12 ай ішінде алынған қарыздың мақсатты жұмсалғанын растауы тиіс. Ол үшін банкке жөндеу жұмысынан кейін түсірілген 6 түрлі түсті сурет пен қарыз алушыға тиесілі мүліктік құқықты белгілеуші құжаттардың (жөндеу жұмыстары жүргізілген мүмлікке қатысты) көшірмесін немесе мекенжай анықтамасын өткізу қажет.
- ТҮҚЖБ-де үйдің жөндеу жұмыстарына берілетін несиені кепілзатсыз да алуға болады. Егер қарыз алушыға қажетті сома 1,5 млн теңгеден аспаса, қарызды физикалық тұлғаның кепілгер болуы арқылы алу мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда кепілгер ретінде ұсынылған физикалық тұлға өзінің төлем жүргізуге қабілеттілігін растауы керек. Әрі оның кредиттік тарихы таза және банк көрсеткен жас талаптарына сай болуы тиіс. Банк барлық несиелерді тек қарыз алушының төлем жасауға қабілеттілігі расталған жағдайда ғана береді.