26 мау, 2019 сағат 08:25

Арыстағы жарылыс: Үшінші адам қайтыс болды

Арыс қаласында қайтыс болғандар саны 3 адамға жетті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарлады, – деп жазады "Ұлт Ақпарат".

«Қорғаныс министрлігі бүгін Шымкенттегі ауруханалардың бірінде Арыстағы төтенше жағдай барысынында жарақат алған келісімшарт қызметіндегі әскери қызметші аға сержант А.Н. Ахметовтың қайтыс болғанын хабарлайды. Министрлік басшылығы мен жеке құрамы қайғылы қазаға ортақтасып, туысқандары мен жақындарына көңіл айтады» делінген хабарламада.

Жарылыстан қаза тапқан үшінші адам 32 жастағы әскери қызметкер болған. 

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, көз жұмған жігіт Әбдікүл Нұрланұлы Ахметов - Арыс қаласының тұрғыны. 1987 жылы туған. Үйленген, баласы бар.

«Ол сол жердегі әскери бөлімде жұмыс істеген. Жарылыс болған кезде ол ауыр жарақаттанып, авиациялық медициналық құтқару қызметімен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ес-түзсіз жатқан науқасқа жансақтау бөлімінде барлық қажетті сауықтыру шаралары жасалды. Өкінішке орай, ол көз жұмды», - деді баспасөз хатшысы Мира Сүйлейменова.

Айта кетейік, бұған дейін екі адамның қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз. Оның бірі Арыс қаласының тұрғыны болған. Снаряд автокөлікке түсіп, оның ішіндегі адам көз жұмды. Мерт болған адамның екіншісі - Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі еді.