Арыс қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі қаладағы жай-күймен танысу үшін бір топ сенатор келгенін хабарлады, – деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Арыстықтардың жай-күйімен танысу үшін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед және Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Әли Бектаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі Әлімжан Құртаев Түркістан облысына арнайы келді.
«Жарылыс болған сәттен жедел жұмыс атқарған штаб жұмысын жоғары бағалаймын. Өйткені, ең басында нақты шешім қабылданбай, жұмыс жүйелі жүрмесе, апат салдары бұдан да ауыр болатын еді. Арыстағы жағдай әлі де қазақ халқының береке-бірлігінің барын көрсетті. Қазіргі кезде халықты үрейлендіретін, жалған ақпарат көп тарауда. Осы орайда, баршаға, журналистер қауымына шынайы ақпарат таратыңыздар деген тілек айтқым келеді», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Ал Асқар Бейсенбаев қайтыс болған азаматтардың отбасына, ағайындарына көңіл айтып, штаб жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сенаторлар Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепте орналасқан арнайы штаб жұмысымен жіті танысып, төтенше жағдай бойынша тынбай жұмыс атқарып жүрген азаматтарға жоғары баға берді. Осыдан соң сенаторлар Арыс қаласындағы екінші штаб жұмысымен танысуға жолға шықты.