27 жел, 2024 сағат 16:34

Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті


Фото: Видеодан алынған кадр


Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады. Жаңа жыл мерекесіне байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді.


Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жаңа жылды мерекелеу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың, сондай-ақ басқа да заңсыз әрекеттердің дер кезінде алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы полициясы қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. 3 мыңнан астам полицей қаладағы тәртіпті тәулік бойы күзетеді.


Патрульдік экипаждардың саны ұлғайтылды, қызмет көрсету маршруттары күшейтілді, жаяу патрульдік қызметке Ұлттық ұланның 300 әскері тартылды.


— Азаматтар көп жиналатын орындар мен мәдени-ойын-сауық шаралары өтетін орындар ерекше бақылауда, — деп хабарлады ведомстводан.


Алматы тұрғындары Жаңа жыл мерекесін тойлауды бастап кетті. Қалада түрлі концерттер мен іс-шаралар, сондай-ақ негізгі жаңа жылдық жәрмеңке өтіп жатыр.


Еске салайық, 20 желтоқсан күні Алматыда бас шыршаның шамдары жағылды.


Сондай-ақ Жаңа жыл түні мерекелік отшашу болады. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні мегаполис тұрғындары мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашалай алады. Отшашу демеушілер есебінен ұйымдастырылады.