24 мау, 2019 сағат 14:43

Арыстағы жарылыс: 500-ден астам адам Шымкент мешітін паналап отыр

Шымкент қаласының тұрғындары Арыстағы жарылыстан эвакуцияланған халыққа жаппай көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шымкент қаласының орталық мешіті қазіргі уақытта Арыс қаласынан эвакуацияланған халықты қабылдауда. Келіп түскен хабарларға қарағанда, эвакуация кезінде адасып қалған балалардың барлығы мешітке жеткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта көмек көрсетуге әкелінген адамдар саны 500-ден асқан.

Мешіт имамының айтуынша, жеткізілгендер мешіттің медресесі мен жатақханасына орналастырылуда. 

"Мүмкіндігінше ата-аналарына хабарласып, телефон арқылы ақпарат таратып жатырмыз. Балалар, әсіресе, балабақша жасындағы балалар көп. Қазір мешіттің жанындағы медресенің жатақханасын босатып, сонда орналастырып жатырмыз. Барынша көмек беруге тырысып бағудамыз. Қала халқына рахмет, су, азық-түлік алуға көмектесіп жатыр", - дейді бас имамның орынбасары.