16 қыр, 2019 сағат 09:33

Арыста қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қандай көмек көрсетілді?

Арыс қаласында болған жарылыстан қаза тапқан әскерилер аға сержант Бауыржан Әлімбеков пен сержант Әбдіқұл Ахметовтің туыстары марқұмдардың отбасыларына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марқұм Бауыржан Әлімбековтың анасы Ләззат Сүйіндікованың айтуынша, ажал құшқан жалғыз ұлының артында жары мен төрт перзенті қалған. Тұңғышы 7 жастағы қыз болса, ең кішкентайы алты айлық нәресте. Ұлы әскери бөлімдегі өртті өшіремін деп бақилық болғаннан кейін Қорғаныс министрлігі жарылыстан зақымданған оның баспанасын жөндеп берген. Сонымен қатар, моральдық және материалдық көмек көрсеткен.

«Баламның бес жылдық жалақысын өтемақы ретінде төледі. Содан кейін баспана алуға қомақты ақша аударды. Ол қаражатты уақыты келгенде үй алу үшін әйелі мен балаларының атынан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салдық», - дейді Ләззат Сүйіндікова.

Жалғыз ұлынан айырылған ананың сөзінше, министрлік басшылығы, сондай-ақ әскери болғысы келген немерелерін «Жас ұлан» мектебіне еш кедергісіз және емтихансыз қабылдайтынын айтқан.

Ал марқұм болған екінші әскери қызметші Әбдіқұл Ахметовтің артында жас келіншегі мен жалғыз қызы қалды. Перзенті Айбибі енді ғана бір жастан асқанына қарамастан, ол әкесін іздейді екен. Бұл туралы жары Арайлым Қадірова айтып берді.

«Менің күйеуім әскери бөлімде алты жылдай қызмет атқарды. Ол жұмысын өте қатты жақсы көретін. Тіпті, отбасынан да биік қоятын деп айтсам болады. Жұмысына ешқашан кешігіп бармайтын, ешқашан сұранған да емес. Сондай алтын адам болатын. Жаман аты шыққан емес. Қазір бәріміз түс көргендей болып қалдық. Қызы да әскери формадағы адамдарды көрсе, әкесін іздейді. Күйеуім де қызын жақсы көретіні соншалық, бос уақытын сонымен өткізуге тырысатын еді», - дейді Ә.Ахметовтің жары.

Еске салайық, Арыстағы жарылыс салдарынан қаза тапқан екі әскери қызметші мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Өткен аптада аға сержант Бауыржан Әлімбеков пен сержант Әбдіқұл Ахметовтің туыстарына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерін табыс етті.