24 шіл, 2020 сағат 10:28

Аружан Саин Сәтбаевтағы оқиға жайлы: Баланы қорлаған әр қылмыскердің жазалануына күш саламыз

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Сәтбаевтағы оқиғаға араласып, баланың анасымен және жауапты органдардың басшыларымен байланыста отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Достар! Мен Сәтбаевтағы оқиға бойынша баланың анасымен телефон арқылы сөйлесіп отырмын. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Біз әрі қарай жүргізілетін жұмыстар, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету туралы әңгімелестік. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл істі барлық бағыт бойынша жүргіземін», - деп жазды Аружан Саин Facebook парақшасында.

Аружан Саин сонымен қатар Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен сөйлескенін жеткізді.

«Мен бұл отбасыны осы іспен айналысатын ювеналды адвокатпен байланыстыруды өтіндім. Сондай-ақ мықты психолог маман да айқындалды. Себебі балаларға қатысты қылмыстарды тергеу барысында психологтың қатысуы міндетті. Балаларға жасалған сексуалды зорлық бойынша қылмыстық істерді жүргізіп жатқанымызға бірнеше жыл болды. Балаларға қарсы осындай қылмыс жасайтын әр адамның жазалануына барынша күш саламыз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаевтағы бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берген болатын. 

«23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етті, жанжал шығарды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, бүгін Президент Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді.