Қорғаныс министрлігінде Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі отырыс барысында Әскери доктринаны, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің, өзге әскерлер мен әскери құрылымдардың құрылысы мен оларды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Шараға Сенат депутаттары, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының басшылығы қатысты.
Д.Назарбаева елдің қорғаныс қабілетін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
«Қарулы күштер еліміз халқы тәуелсіздігінің кепілі болып табылады», - деді сенатор сыртқы қауіптердің алдын алу және жоюда армияның артып отырған рөлін айта келе.
Отырыста Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаевтың Әскери доктринаға қатысты баяндамасы тыңдалды. Ол доктринаға алғаш рет - күрестің «гибридті» әдістері, «әскери емес құралдар», «ішкі қарулы қақтығыс» ұғымдары мен анықтамалары енгізілгенін жеткізді. Сонымен қатар құжатта ҚР Қарулы Күштерін, өзге әскерлер мен әскери құралымдарды қолданудың тәртібі нақтыланған. Бұдан өзге кибер қауіпсіздік шараларын күшейту, жалпы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіне аумақтық қорғанысты интеграциялау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, Қазақстанның бейбітшілікті қолдау шараларына қатысуын кеңейту, мемлекеттің әскери ұйымдарды басқару жүйесін дамыту тәртібі нақты көрсетілген.
«Біздің бірлескен жан-жақты жұмысымыз армияны қажетті, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жақын арада жабдықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Ол үшін Қорғаныс туралы заңға тиісті түзетулер енгізу қажет және бұл мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс жасауды талап етеді», - деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева.