02 қар, 2016 сағат 12:09

Арқа жауһарлары – Астанада

Өңірлердің елордадағы күндерін Ақмола облысы түйіндеді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елордада апта сайын өтіп жатқан аймақтардың күндерін Ақмола облысы түйіндеді. Бас қалаға ат шалдырған облыс делегациясы түрлі мәдени, рухани, спорттық, әлеуметтік шараларға мұрындық болып, күздің соңғы күндері тұнжырата бастаған шаһардың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, тұрғындарды бір серпілтіп тастады. Биылғы жылдың соңғы жәрмеңкесі болғансын ба, әйтеуір, Көкше өңірінен келген азық-түлік жәрмеңкесіндегі халықтың қарасы көп көрінді.

Аграрлық кешен өркендеген өңірден Астанаға бас-аяғы 2 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілген екен. Оның басым бөлігі ет пен ет өнімдері, ұн, сүт өнімдері. Картоп, қырыққабат, қызылша, пияз сынды көкөністер де баршылық. Бастысы, ба­зардағы нарыққа қарағанда «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық алаңының алдындағы баға анағұрлым төмен. Мәселен, қой еті – 950 теңгеден, сиыр еті – 1000 теңгеден, жылқы еті – 1 100 теңгеден, шошқа еті 750-ден сатылды. Ағылған халық төрт түлік малдың етін килолап өлшеп емес, мүшелеп бұзбай-ақ кезе-кесегімен арқалап алып кетіп жатқанын байқадық.

– Шыны керек, етке деген сұраныс өте жоғары екен. Се­бе­бі, біріншіден, біз қойған баға арзандау. Екіншіден, араға делдал салмай, шаруалардың өздері әкеліп сатып жатыр. Бұл шаруалар үшін де, алушылар үшін де тиімді екенін көріп отырмыз, – дейді Целиноград ауданы Оразақ ауылының әкімі Нұрлан Қасымбеков.

Ет алушылардың бірі Орын­ша апайды сөзге тарт­қан­быз.

– Арқада тұрып соғым соймау, етсіз отыру қиын ғой. Соғымның маусымы жақын қалды, бірақ тұтас бір малды сатып алу оңай емес. Сол үшін осылай ірі малдың етін бөлшектеп сатып алуға тура келеді, – дейді ол.

Арзан көкөністі қапшық-қап­шы­ғы­мен арқалап апарып, көлігінің жүк салғышына салып жатқандарда есеп жоқ. Базарға барып алғаннан осы жерден көтерме бағамен сатып алу қалтаға біраз жеңілдеу, 20-30 пайызға дейін үнемдеуге мүм­кіндік береді. Сөрелерде кар­топ бағасы – 45 теңгеден, қырық­қабат – 55, сәбіз бен қызылша 60 теңгеден деп көрсетілген. Өсімдік майы да арзан, 300 теңгеден сәл ғана асады. Оның үстіне, азық-түлік­тердің бірнеше түрі бар, таңда­ғаныңызды ала аласыз. Сау­да шатырларының бір шетін­дегі сахнада КВН команда­ла­ры әзіл-қалжыңын айтып, әншілер ән шырқауда. Алаңның ортасында балалар түгілі ересектердің өзі асық атудың қызығына түскенін көруге болады. Бір бұрышта бір топ адам бұйығып тоғызқұмалақ ойнап отыр. Жәрмеңке ашылысымен сағат таңғы тоғыздан кете Астананың әкімі Әсет Исекешев пен Ақ­мо­ла облысының әкімі Сергей Кулагин екеуі сөрелер­дің бойын аралап, қыза бастаған сауда­ның барысын шолып шықты.

– Жәрмеңкеге 70-тен астам өнім түрлерін әкелдік. Барлығы сапалы, өз жерімізде өсірілген, жер­­гілікті кәсіпорындарда өң­дел­­ген, әзірленген. 600 тонна­дан астам ет, 400 тоннадан астам көкөніс жеткізілді. Бас-аяғы 700 миллион теңге көлемінде азық-түлік саудаға шығарылып отыр. Сауда жақсы жүріп жатыр, екі күннің ішінде тауарларымыз толығымен өтуге тиіс, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан.

Жалпы, Ақмола облысын республика экономикасын әр салада өрге сүйреп жүр­­­ген өңір десек артық айт­паймыз. Шикізат бағасы құл­ды­раған тұста экономиканы дамы­т­удың басты бағдары бо­лып отырған агроөнеркәсіп кешені де соңғы жылдары тұрақты түрде ілгерілеп ке­леді. Мәселен, биылғы жылы ауыл­шаруашылық өнімдерінің кө­лемі кемінде 300 милиард теңге­ні құрайды деп жоспарла­нып отыр. Бұл 2001 жылғы көр­сет­кіштен 4 есеге артық екен. Облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының бастығы Мұрат Бал­пан айтып өткендей, жаңа технологияларды жолға қойған аймақ биылғы жылы 5,7 миллиард тонна астық жинапты. 274 мың тонна картоп жинап, соңғы жиырма жылда болып көрмеген рекордқа қол жеткізгені тағы бар.

Алқабы астыққа толы ай­мақ төскейін төрт түлікке тол­ты­рудың қамын да жасап келеді. Соңғы он бес жыл ішін­де мал басы 2 есе өскені осын­ың дәлелі. Облыста арнайы мамандандырылған 30 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.

– Еліміздегі ең әлеуеті жо­ға­ры бордақылау алаңдары біз­дің облыста орналасқан. 31 бордақылау алаңында бір мез­гілде 27 мың мүйізді ірі қа­ра байланады. Облысымыз рес­пуб­ликаның азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосуда деп айта ала­мыз, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров.

Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуін дамытуды нәтижелі жүзеге асырып жатқанын атап өткен ләзім. Осы жұмыстың аясында соңғы жылдары өнім көлемі 3 жарым есеге артып, Астанаға жеткізілетін азық-түлік көлемі 2 есеге көбей­іпті. Бүгінде берекелі өңір елорданы ұн, жұмыртқа, картоп сынды азықпен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Елордалықтар тұтынатын сүт пен сүт өнімдерінің де 50 пайызы ақмолалық шаруалар мен кәсіпкерлердің маңдай терімен келуде. Ақмолада шығарылған «Бақара» жартылай фабрикаттары, «Садовое», «Одари», «Зорькин Луг» сынды сүт өнімдері өз елімізді айтпағанда, Ресейдің шекаралас облыстарына да экспортталады екен. Ал «Көкшетау минералды сулары» АҚ шығаратын «Тұран» сусындарының көрші елге экспортталып жатқанына 15 жыл болған.

Жалпы, тәуелсіздіктің ме­рей­­лі тойына Ақмола облы­сы зор жетістіктермен же­тіп отыр деуге негіз бар. Өңір­лік жалпы өнім көлемі соңғы 10 жылда 11 есеге өсіп, 1,2 трил­лион теңгеге жетіпті. Өнер­кәсіп өнімдерінің үлесі де 10 есеге ұлғайып, 335 миллиард теңгені құраған. Сонау кеңестік кезеңде ашылған ірі-ірі жиырма өндіріс орындары тұрлаусыз тоқсаныншы жылдарда да, бертінде болған дағдарыстар кезінде де жабылып қалған жоқ. Соның арқасында өңір бір саламен шектеліп қалмай, экономикалық әлеуеті әр саланы қамтитын аймаққа айналып отыр.

Соңғы жылдары индус­триялық-инновациялық бағдар­ламаны жүзеге асыру аясында 174 миллиард теңгеге 70 жоба іске қосылыпты. Заманауи тех­никамен жарақталған, өндіріс барысы да, өнім сапасы да әлемдік стандарттарға сай келетін зауыт-фабрикалар ашылып, жұмыс орында­ры көбей­ген. Облыста бұрын-соңды шығарылмаған сирек кездесетін метал­дар концентраттары, құй­ма бұйымдар, полипропилен­нен жасалған заттар, соя майы сынды жаңа дүниелер өнді­рілу­де. «Қазақалтын», «Алтын­­тау Көкшетау» сын­ды алтын өндіруші кәсіпорын­дар облыстың ғана емес, рес­пуб­ликаның металлургия өнер­кәсібінің дамуына серпін беріп жатқанын айрықша атап өткен жөн. Бұл компаниялар 2015 жылы 20 тонна алтын өндіріп, 2009 жылғы көрсеткішті 10 есеге артығымен орындапты. Яғни, Ақмола облысындағы алтын өндіруші компаниялардың үлесі республика бойынша өндірілген өнімнің 35 пайызын құраған.

«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңындағы жәрмеңкенің жай-күйін бақы­­­ла­ғаннан кейін Ақмола облысы­ның әкімі Сергей Кулагин Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановпен кездесіп, екі­жақты ынтымақтастық жөнін­­­дегі меморандумға қол қойға­­нын айта кету керек. Осы құжат бойынша, Шекара қыз­меті тапсырыс бере отырып, облыс­та шығарылған азық-түлік, киім-кешек және түрлі құрал-жабдықтарды тұтынатын болды.

– Ақмола облысында еліміз­дің шекара қызметіне қажетті жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрал-жабдықтар өндірі­леді. Сондықтан, бүгінгі меморандум аясында облыс кәсіпорындары өнімдерін Ұлттық қауіпсіздік комитет­іне сата алады. Бұл жергілікті кәсіп­орын­дардың өніміне сұранысты арттырады, сонымен қатар шекарашылар да сапалы өніммен қамтылады. Осы меморандумның арқасын­да алдағы уақытта ұсынылатын тауар­лардың түрлерін көбей­теміз, – деді С.Кулагин.

Осылайша, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында ұйымдастырылған облыс­тардың елордадағы күн­дері де мәреге жетті. Бас қала­ның іргесінде қоныс тепкен, әлеуметтік-экономикалық, ру­хани-мәдени тұрғыда аралас-құралас болып кеткен Ақмола облысы бұл акцияны жоғары деңгейде түйіндеді деуге толық негіз бар.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»