18 қаң, 2018 сағат 08:22

Ардақ Нұрғазы. Атымды адам қойған соң... (пьеса)

Ардақ Нұрғазы – ақын, драматург. 1972 жылы Қытайда дүниеге келген. 1995 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған. 1991 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. 2006 – 2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Жалған бостандық кітабы» (2009 ж.), «Арақұс» (2012 ж. қазақ-қытай тілінде), «Дәлдік һәм тұнықтық» (2014 ж. ағылшын-қытай-қазақ тілінде), «Тас баспалдақты көше» (2014 ж.), «A Garden of Trees and Other Poems» (2016 ж.)  өлең жинақтарының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010 ж.) сын еңбегінің, «Сызықтар мен нүктелер» (2010 ж.) әңгіме жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, қытай және орыс тілінде жарық көрген.

«Мен, мен ешкім де емеспін» пьесасымен І «Рух» халықаралық әдеби конкурсының «Драматургия» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алған.  

Назарларыңызға Ардақ Нұрғазының "Атымды адам қойған соң Абай және Коң Зы" атты жаңа пьесасын ұсынамыз.

Атымды адам қойған соң - Абай және Коң Зы

Қатысушылар:

Абай

Коң Зы

S (құмаршы)

D (құмаршы)

Асылбек

Және басқалар

Кіріспе

Күңгірт сахнада баяу басталған «Қаражорға» биінің музыкасы жүреді. Сахнаның төрінен ұлттық киім киген екі жігіт шығып би билейді. Олар бір бір жарым, екі минут билеген соң музыка ауысып, жігіттер келген жағымен сахнадан кетеді. «Айгөлік» биінің музыкасы жүреді. Сахнаның екі қапталынан биік үкісі бар төбетай киген үш-үштен қыздар шығып «Айгөлік» биін билейді. Бір жарым, екі минуттан соң, музыка тағы ауысады, биші қыздар келген жағымен сахнадан түсіп кетеді. Сахнада «Аққу көлі» балетінің музыкасы жүреді. Сахнаның төрдегі екі бұрышынан қыз бен жігіт шығып «Аққу көлі» балетінен партия ойнайды. Сахнадағы күшті жарық соларға түседі. Сахнаның өзге тұсы қараңғы. Олар екі минуттай ойнаған соң екі бөлініп сахнадан кетеді.

1-көрініс:

Қараңғы сахнаға төбеден үш жарық түседі. Сахнаның бір бұрышынан сол жарыққа ретті, салауатты киінген галстук таққан жігіт шығып жарықтың шет жағындағы біреуіне келіп тұрады. Жарық оның төбесінен түсіп тұр. Оның беті көрерменге көлеңке түсіп, анық көрінбейді. Жігіт әлде неге ойланғандай, басын көтермеген қалпында екі жанына қарағыштайды. Екі жағына бұрылып, бірнеше аттап жүреді. Одан қайта әуелгі орнына келіп тұрады. Бір қолымен иегін ұстап, көрерменге қарап ойланып тұрып қалады. Сол кезде сахнаның екінші жағынан екінші жігіт көрінеді. Ол да ана жігіт сияқты киінген, бой тұрқы да, киім киісі де, жалпы бейнесі алғашқы жігітпен өте ұсқайды. Ол сахнаның алдында көрерменге қарап ойланып тұрған жігітке жақын барады. Бірақ, жарыққа екі-үш қадам қалғанда кідіреді.

Aбай: Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Ойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер, жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілісте, сырлас, кеңесте болмасам керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кетуім керек еді.  

Коң Зы: Бұл не тұрыс?

Aбай: (өзіне өзі сөйлеген адамдай, бұрылмастан гүбірлейді) бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім... сонда мен кіммін? (аз кідіреді) Неге осы ақиқатты қараңғыдан табамыз да, жарыққа алып шығамыз? Неге?

Коң Зы: Рас, неге?

Aбай: Себебі, себебі ме, (A өзінің әлдекімге сөйлеп тұрғанын аңғарады да, басын көтеріп көрермен жаққа бір қарап алып, одан бұрылып  Коң Зыға қарайды), сіз маған сөйледіңіз бе?

Коң Зы: Иә, мен. (Коң Зы нық басып келіп Aбайдың қатарына, үш жарықтың біреуіне келіп тұрады. Абай мен Коң Зы көрерменге барлық жағынан ұқсастығымен әсер етуі тиіс)

Aбай: Сіз кімсіз?

Коң Зы: Жақсы сұрақ? Мен бе, мен адаммын.

Aбай: Бәрекелді, өзін «мен адаммын» деп анық айта алатындарды бағалаймын.

Коң Зы: Ойы басқаның жолы басқа (道不同,不相为谋), біз бен сіз дәл соның керісі сияқтымыз дегенім ғой.

Aбай: Тауып айтылған сөз. Мен сізді білетін сияқтымын, сізді біреуге ұқсатамын, сонда кімге? (Абай ойланған адамдай Коң Зының бас аяғына қарап, оны бір айналып шығады. Коң Зы оған қызықтап қарайды)

Коң Зы: Кімге ұқсаттыңыз?

Aбай: Сіз кімге ұқсайсыз? Ғажап, сіз біреуге ұқсайсыз, таптым, сіз маған ұқсайсыз, сіз маған қатты ұқсайтын сияқтысыз.

Коң Зы: Дәл айттың, біз ұқсаймыз, біз бір адам болмасақ та қатты ұқсаймыз. Содан да біз жүздесбесек те, бір-бірімізді білеміз. Айталық (аз ойланады) сіз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дедіңіз ғой Абай.

Aбай: Иә, мен айттым.

Коң Зы: Сіз «кемел адамсыз (中庸)» Абай. Адамның кемел адамға барар жолының басында өзін түзеуі тұр (君子有诸已,而后求诸人), мен де әр күні өзімнен есеп аламын, істі беріліп істедім бе, досқа адал болдым ба, жиған білімімді дұрыс жолға пайдаландым ба (吾日三省吾身:为人谋而不忠乎?与朋友交而不信乎?传不习乎?) деп тоғыз толғанам.

Aбай: Таптым, таптым, сіз Коң Зысыз...

Коң Зы: Иә, мен Коң Зымын. 

Aбай: Ғажап кездесу, мен әлгінде ғана бәрінен арылғандай жүдеп-жадап тұр едім, сіздің болғаныңыз жанымды жабырқаудан бір серпілтіп тастағандай болды-ау.

Коң Зы: Адам әуелі өзіне тұра қарамақ керек (使意念真诚). Абай сіз адамдықтың басталуын тазалықтан, ұяттан, ақылдан іздейсіз. Жол да осы емес пе?! Ғаламның түпкі тегін бір сөзге жинақтасақ, ол–болжап болмас тұңғиық, тереңдік. (天地之道,可一言而尽也:其为物不贰,则其生物不测。) Ес соған сай болмақ керек. Онсыз адам деген атыңа дақ түсепек (Абайдың толғаныстағы түр-тұлғасына назар салады...) Абай, сіз қалай... жүзіңіз сынық, көңіліңіз пәс, жабырқап тұрсыз ғой.

Aбай: Мені күдігім мен күмәнім басып барама деймін (әлде қалай дегбірсізденген адамша ой кешеді.) осы жұрт түзелер... дей алар ма екем.

Коң Зы: Неге олай дедіңіз Абай? Мен жасаған дәуірді қараңғы, кер заман болды дейік, сіздер жасаған заманда адам баласы ақылда (智), бауырмалдық(善) пен әдепте (礼) өсуге тиісті ғой. Ғарыштың сырын, элементтің ең кіші бөлшегін, ғылымның шыңын бағындырған жұрт қалай өзін түзей алмады дейсіз?

Aбай: Дүниенің көрінетін һәм көрінбейтін сырын түгендеп, ең болмаса дендеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Бала күндегі «бұл немене, ол немене» деп, бәр нәрсені сұрап білуші едік. Сол өрісімізді ұзартып, құмарланып жинаған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай болмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, боқтықтан ұзамаған сияқтымыз?

Коң Зы: Неге Абай, неге...?

Aбай: Адамзаттың ғұламасы, оны өз көзіңізбен көріңіз, көріңіз де түйіңіз...

Үш жарық өшіп, сахнадан Абай түсіп кетеді. Коң Зы артына бұрылып қарап тұрады.

2-көрініс:

Абайдның сөзінен соң сахнаның арты көрінеді. Сонымен бір уақытта «Michael Jackson - Smooth Criminal - Live in Munich 1997» қойылымының музыкасы жүреді. Сахна төрінде үлкен құмар ойынының столы көрінеді. Столды айнала адамдар тұрады. Енді біреулер столдың қасында құмар ойнап жатыр. Бір адам столдың үстінде көрерменге қарап талтайып тұра. Сол сөйлейді.

C: Мейлінше ойнаңдар, күліңдер, өмірге күлу үшін, ойнау үшін, рахат көру үшін келдіңдер, одан басқаны ойламаңдар, мұнда бәрін істеуге болады және істейсің, мұнда бәрі бар... сатып аласың және (C оң қолын көтереді:сахнаның төрінің оң бұрышында жоғарыда тұрған экраннан тізбектеліп тасылып жатқан қазба байлықтар, тауарлар, вагондар мен континерлер көрінеді) сатасың (C сол қолын көтереді: сахна төрінің оң бұрышында жоғарыда тұрған экраннан жарна базары, ондағы қарбалас адам қарас және жарна тақтасының жазулары өтеді), сата бересің, сат, бірақ, бәрі заң аясында болады, заң аясында сата бер, сат, ақша жаса, ақша жасау деген сату және сатып алу, сата бер, сат...

Ойын столынан түседі. Столда құмар ойыны жалғасып жатады. Жұрт қарбалас (төрдегі экраннан айналған құмар ойынның көрінісі беріледі) Кезекті ойынның нәтижесі шығады. Құмар столының оң жақ басында отырған ер адам орындығынан атып тұрып қуаныштан екі жұдырығын түйіп, жер текпілеп айғайға басады.

S: Мен ұттым, ұттым! мен 100 миллион доллар ұттым. Бәрі менікі.

Оның артында тұрған адамдар: қара көзілдірікті оққағарлары, қолына сомка ұстап көзілдірік таққан менеджиры, әлем-жәлем киінген қыздар мәз болысып, шұрқырап, шулап кетеді.

Құмар столының қасында отырған басқа ойыншылар оған қарап та қоймайды. Жаңа ойынға кіріседі.

S: Қандай керемет! Мен ұттым, мен ұта беремін, ұтам, мен бүкіл әлемді ұтып аламын! (ойқастап шаттанған адамдай ерсілі-қарсылы бірнеше аттап жүреді. Оның адамдары соңынан еріп жарамсақтанады. Ол қайта ойынға кіріседі)

Ойын столының сол жағында отырған біреу (D) орнынан көтеріліп тағы да шабыттанып орнынан тұруға оқталған S-ға сұқ саусағын кезеп сөйлейді. S кідіріп, оған қарап қалады.

D: Мен сенің барыңды табаныма таптаймын. Отыр орыныңа, әуселеңді көрейік, мықты болсаң бәріңді тік,тіге аласың ба (D-ның артында тұрған адамдар: қара көзілдірікті оққағарлары, қолына сумка ұстап көзілдірік таққан менеджеры, әлем-жәлем киінген қыздар бір-біріне қарасып күбірлесіп, бір-біріне және S жаққа қарасып қалады)

S жып етіп орнына қайта отыра қалады.

S: Тіктім бәрімді. Мен де көрейін сенің не істей алатыныңды (ол алдында үйіліп жатқан досын столдың ортасына қарай итереді. Тұрған жұрт шуласып кетеді. D-да өзінің досын ортаға сыриды)

Ұтыс ойналады (төрдегі үлкен экраннан айналма құмар ойынының көрінісі беріледі) S жеңіледі. Жеңген D мәз болып кетеді. Оның соңында тұрғандар айдынданып, шулайды. S жеңілісіне мойынсал болғандай орындығында салыны суға кетіп көрерменге қарап бұрылып шынтағын столға сүйеп маңдайын ұстап отырып қалады. Ұтқанын жинап алған D елеуреп сөйлейді.

D: (S-ға және көрерменге қарап) Көзіңді аш, енді сенде соқыр тиын да жоқ, тыржалаңаш біреусің, неңді тігесің. Бұтыңдағы шалбарыңа дейін менікі... (екі жігіт S-ға жақын келіп оны орындықтан тұрғызады да зорлықпен курткасын, шалбарын шешіп алады. S сырт киімсіз орындықта қайта отырады.

D: Мен енді сенің өзіңді ұтып алам.

S: Менің, менің жаным керек пе саған?

D: Мен бар ақшаны тіктім, сен жаныңды тіге аласың ба?

S жауап қатпай орнынан тұрып арлы-берлі жүреді. Орнына қайта отырады. Оның артында тұрған адамдар шұбырып D-ның артында тұрған адамдарға барып қосылады. S бір шетте сопиып жалғыз қалады.

D: Тіге аласың ба, жаныңды?

S: (Аласұрған ішкі арпалысқа түседі. Қалтасынан бірдеңе алып тершіген маңдайын сүрткен болады. Орындыққа бір отырып, бір тұрады. Бір бекімге келген адамдай болады.) Тіктім жанымды, ұтсаң шыбын жаным сенікі.

Ұтыс ойналады (төрдегі үлкен экраннан тағы да айналма құмар ойынының көрінісі беріледі). Екі жақта, қарап тұрған өзге жұрт та сілтідей тана қалады. Ұтыс аяқтайды. S жеңеді. D-ның артында тұрған топ қопарылып S-ның артына келіп тұра қалады.Енді D сопиып жалғыз қалады. Ол әлгіндегі S сияқты столға сүйеніп отырады. Орнынан тұрып (көрермен жаққа бірнеше аттап) сырт киімін шешіп бір жаққа лақтырып жібереді, галстугін жұлқи босатып, басын шайқап, шашын жұлмалайды. Жынданған адамдай ыржақтап күледі (ол көрініс аяқтағанша жынды адамша сахнаның әр тұсында сенделіп жүреді)  түсініксіз сөздер айтады... S мәз болып ұтысын жинастырып жатады.

Осы көріністердің бәрін Коң Зы бір шетте қарап бақылап тұрады.

S: Мен ұттым, мен бүкіл әлемді ұтып аламын. Ұта беремін, бәрі менікі (ойын столын құшып жата қалады. Айнала тұрғандар оған жарамсақтана қол соғады. Апаш-құпаш столда жатқан ақшасын (досын) жинастыра бастайды. Жинап жатып айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Өзіне жарамсақтана тұрған жұртқа жау көзбен қарайды) Не, сендереге не керек, ақша менікі, аулақ, аулақ! қараларыңды батырыңдар, жоғалыңдар ары... (айналасындағыларға жындана ақырады. Жұрт жан-жаққа тарап кете бастайды. Сахнада құмар столының екі жағында S мен Коң Зы қалады. S өзіне қарап қозғалмай тұрған Коң Зыға назар аударады)

S: Сен неғылып кетпей тұрсың? Ақша керек пе, маған жақсы аттанғың келеді, менен ақша дәметіп тұрсың ғой, ә? (Коң Зы тіл қатпайды. Теңселіп бірнеше аттайды, қайтадан тұрады) Сен неге сөйлемейсің? Тілің байланып қалған ба, әлде, мүсін болып қатып қалдың ба, ақша керек болса, мә! Енді сөйлейтін шығарсың! (Коң Зыға қарап бірнеше теңге лақтырады. Бірақ, Коң Зы оған қарап та қоймайды. Ойланған адамдай тұра береді)

Сахнаның сыртынан күңіренген дауыс естіледі (Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» өлеңі оқылады.

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

 

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Коң Зы: Абай, Абай, сен қайдасың? Қайдасың? (S-ға ту сыртын беріп оң-солына бірнеше аттап, әлде кімді іздеген жандай теңселіп жүреді.  Сахнаның жарығы күңгірт тартады.)

Жарық сөнеді.

3-көрініс:

Сахнада ойын столы. Ойын столының төр жағында S арлы-берлі жүр. Тоқтай қалып столдың үстінде үюлі жатқан ақшаға жақын барады.

S: Осы ма маған қажеті. Бәрін ұтып алдым, ақша және ақша, ақшадан басқа ештеңе жоқ! Бәрін сатып аламын, бәрі менікі болады! Ақша қажет пе?! Міне? (үюлі ақшаны қос қолымен сапырады) Жо, жоқ! Мен бәрін сатып алып қана тынбаймын, бәрін билеймін, бәрін ақша билетеді, билейді.Дүниені мен билеймін, бәріне мен қожамын! (столдың үстіндегі ақша мен қосып жапқышты жұдырығына түйіп жұлып алады) Төрдегі экраннан столдың үстінде жатқан үлкен әлем картасы көрінеді. S столға жақындап картаға үңіле қарайды, галстугын жұлқи босатады (Бетховеннің №5 симфонясы жүреді).

S: Міне, міне, мен мынаған ие болғым келеді! Маған ақша емес, мынау керек! Мен сені қандай жақсы көремін (картаға бетін басып аймалайды)

Осы кезде сахнаның екі қапталынан алты адам шығып столға жақын келеді. Олар қара түсте ретті киінген, галстук таққан, ақ қолғап, ақ түсті маска (бетін ақ түспен бояған) таққан. Олар столға жақын келіп тұрады. Тіл қатпайды. S оларға үрейлене жалтақ-жалтақ қарайды. Қос алақанымен столда жатқан картаны басып, аналарға айнала қарайды. Келген адамдар оған жауап бергендей столда жатқан картаға қол созады, картаның әр пұшпағынан ұстайды. S жалма-жан картаны баурына тарта бастайды. Аналар да картаны өзіне тартады. Картаға талас басталады (Бетховеннің №5 симфонясының алғашқы әуені жүреді.) Таласқандар картаны парша-парша қылып жыртып алып тұс-тұсқа кетеді. Сахнада картаның бір паршасын ұстаған S қалады. Ол жынданған адамдай мәз бола күледі, күңіренеді, картаның паршасын аспанға лақтырады, ұстап алады, картаны сүйеді, тағы лақтырады. Карта аспанда қалықтайды, карта жерге түсіп қалса, оны қайтадан аспанға лақтырады (төрдегі және екі бұрыштағы экраннан көріністер жүреді. Сол көріністер басымдық алып сахнада жарық әлсіреп карта лақтырып билеген адамдай әрекет жасап жүрген S көрінбей қалады.)

4-көрініс:

Сахнада жауын мен күн нұрынан тозған, мұжылған, әр жерінде сылағы түскен биік әрі ұзын керпіш дауал. Дауалдың сыртынан саты қойылған. Сатының басы дауалдан асып ұзын шығып тұрады. Дауалдың сыртында адам мүсінінің қарасы шалынады. Дауалдың түбінде далада от жанып жатады. Оттың басында S жылынып отырады. D әлде қайдан шөмшек тауып әкеледі. Отқа салады. Екеуі де алдыңғы көріністегі киімдерімен. S жейдешең, киімдері алқам-салқам.  D-ның үстінде шапаны бар. Бірақ, шапанының алдын түймелемеген, жейдесінің бір етегі сымының ішінде, бір етегі сыртында жүреді. S орнынан тұрып дауалды жағалап әлдене іздеген жандай жүреді, басын көтеріп дауалға қарайды, сәл шегініп «аржағында не бар екен?» деген жандай назар аударады, сатыны, мүсінді көреді. Сатыға қол жеткізбек болып секіреді. Бірақ, қолы жетпейді. Оның әрекетіне отқа жаңқа әкеле жатқан D таңдана қарайды?

D: Не істеп жатсың?

S оттың қасына келіп тастың үстіне отырады.

S:  Сала бер, көбірек салшы, тіпті, жаурап барамын. Мен тоңып қалдым. Не деген суық күн. Тура қаңтардың шақылдаған сары аязында отырғандаймын.

D: Бірақ, қазір қаңтар емес, тамыз, көрмейсің бе, табиғат тамылжып, гүлдер қауашақ жарып тұр. Бұлбұл сайрап ән салып жатыр. Тыңдашы...

(екеуі де құлақ түре қалады. S алдымен назарын қайта отқа аударып, жылына бастайды)

S: Қайдағы бұлбұл, ештеңені естігенім жоқ!

D: Естімедің бе, шынымен естімедің бе? (бетіне үңіле қарайды)

S: Естігенім жоқ!

D: Бірақ, мен де естімедім.

S: Онда неге «бұлбұл сайрап жатыр» дейсің?

D: Сен бұлбұлдың дауысын естіді ме екен деген ойым ғой.

S: Менің бұлбұлдың дауысын естімегеніме қай заман. Тіпті, есімде жоқ, мен бұлбұлдың сайрағанын естіп көрдім бе өзі (ойланғандай бейне танытады) миымның түкпірінен бұлбұлдың емес, арыстанның, жо, жоқ, басқа бір хайуанның дауысы келетін сияқты, ол өгіз бе, мысық па, әлде маймыл ма, білмеймін, сондай бірдеңе ақырып жатқан сияқты.

D: Бәсе өңің біртүрлі қуарып тұр, өлген адамның өңі сияқты.

S: Өйткені мен тоңып отырмын ғой.

D: Ал мен ыстықтап тұрмын. Қара сорпам шығып тұрғанын байқамадың ба?! Менің өңім гүл жайнап тұрған шығар, ә?! (отырған S-ға жүзін көрсетеді)

S: Меніңше... жайнап тұр, бірақ, сенің түрің ыстықтап тұрған адамға ұқсамайды, сенің түрің неге ұқсайды (аз ойланады), таптым, сенің түрің қағаздың түсіне, доллардың өңіне ме, әйтеуір бірдеңеге ұқсайды, иә, таптым сенің өңің өртеніп күлге айналған қағаздың өңі сияқты (отқа жылынып отыра береді)

D: Шын ба, рахмет бауырым! (еңкейіп S-ның шекесінен сүйеді)  Мені сен түсінесің. Мен долларды жақсы көремін, одан артық жанымды жабырқататын дүние болған емес, мен қуансам да, жұбансам да ақша деп... бірақ, мен де тоңып тұрмын. Шын айтамын (ол да отыра қалып отқа жылынады)

S: Әлгінде ыстықтап тұрмын дегенің кәне?

D: Мен ыстықтап тұрмын, бірақ, ішім тоңып тұр, ішіме мұз қатып қалғандай, сол мұз өмір бойы еріген емес, мен кейде өзімді құздан лақтырып жіберген адамдай елестеймін, құлап келемін, әлгі мұз құлап келеді, рахат, былш ете түссем ғой, керемет болар еді, бірақ, былш етпеймін, оның орнына ақша таба беремін, таба беремін, ішіме мұз толып, кеудемді гүтірлетіп керіп бара жатқандай, сонда да былш етпеймін, бірақ, былш еткім келеді де тұрады. Неге?

S: Білмеймін, сен не, мені айтып отырған жоқсың ба?

D: Жоқ, мен өзімді айтып отырмын. Тыңдашы, қазір де ішімде мұз сықырлайды (S-ға кеудесін тыңдатады) Естідің бе? (S құлақ қояды. Қайта-қайта тыңдап көреді. Таң қалғандай қалып танытады.)

S: Мен ештеңе ести алмадым. Кеудең қаңырап бос тұр, тап үңгір сияқты. Аржағынан азынаған желдің дауысы келеді.

D: Тіпті жүрегімнің соққанын да естілмей ме?

S: Жүрегің соғып тұрған жоқ. Мүмкін біз өліп қалған шығармыз? Жүрегі жоқ адамдар өлген есептеледі ғой. Мен өзімнің жүрегімнің бар екенін ұмытқаным қашан. Ол да мені ұмытып кетті-ау деймін. Бар жоғын білмеймін. Сен өзіңде жүрек бар деп ойлайсың ба?

D: Мүмкін... (міңгірлейді) жүрек деген не өзі? Бір уыс ет емес пе? Бірақ, жүрек болмаса, біз былай жүре алмаймыз ғой, бізде жүрек болуға тиіс. Біз тіріміз ғой.

S: Біз тіріміз бе?

D: Білмеймін, тірі болсақ, бірдеңені сезіне алар едік, нарқын білер едік, қастер тұтып қадірлер едік, бағалар едік, құрмет тұтар едік қой, жоқ! менде оның бірі де жоқ! Оның орнына түсініп болмас обырлық қана бар, бәрін, бәрін өзімдікіне айналдырсам, меншіктесем, ала берсем, таба берсем, жей берсем, жұта берсем деген ашқарақтық қана бар сияқтанады. Менің аузымда соның ғана дәмі бар. Мен аузымды ашсам, аржағынан одан да үлкен ауыз аранын ашып ұлып тұрғандай болады.

S: Сен неге қайта-қайта мені айта бересің?

D: Мен сені айтып тұрғаным жоқ, өзімді айтып тұрмын, тоқта, осы біз ауысып кеткен жоқпыз ба? (орнынан тұрып сәл артқа шегініп S-ның бетіне таңданып қарайды)

S: Біз онсыз да бір адамбыз, ауысып не істейміз? Мен сенің жүзіңнен өзімді көріп тұрмын. Ал сен менен өзіңді көріп тұрсың? Солай емес пе? Сенде де жүрек жоқ, менде де жоқ, сенің аузыңда бір ғана дәм бар, менде де солай, сен де тоңып тұрсың, мен де тоңып тұрмын, ана сатыға (бұрылып қарамастан артындағы дауалда көрініп тұрған сатыны нұсқайды) сенің де қолың жетпейді, менің де қолым жетпейді, солай емес пе? Біз бір адамбыз.

D: Мүмкін... саты онда неге тұр? (орнынан тұрады)

S: Білмеймін, аржағында біреулер дауалдан бері асқысы келген болар,саты қойып аса саламыз деп ойлаған шығар, содан саты қойды, бірақ... саты сонда сонда тұр.

D: Олар бері аса алды ма екен деші?

S: Меніңше (ойланады), олар аса алған жоқ, дауалдан асып келсе, осында жүрмей ме? Біз көрер едік қой. Біз біреуді көріп тұрған жоқпыз (отпен айналысып отырады)

D дауалды жағалап жүреді, жоғары қарайды, әлде нені естимін бе деп құлақ түреді, дауалға құлағын тосып тың тыңдайды. S оған қарап та қоймайды. Отқа шөмшек салып отыра береді. D секіріп сатыға қол созады, бірақ, қолы жетпейді. D сәл шегініп дауыстайды.

D: Кім барсың ей... біреу бар ма? (оның дауысынан S селт етеді. Орнынан тұрады)

S: Не істеп жатырсың?

D: Ешкім тіл қатпайды? (S-ға қарап) Аржағында біреу бар ма екен, білейін дегенім ғой.

S: Біреу болса қайтпекші едің?

D: Оларға сатыны бізге бере салыңдаршы демеймін бе?

S: Сатыны не қыласың? Байқа аржағынан біреу қу бас па, тас па бірдеңе лақтырып, төбемізді ойып кетіп жүрмесін (орнынан тұрады)

D: Рас, сатының бізге қажеті бар ма? Ол жақта не бар дейсің? (тағы да дауал жаққа қарайды) мүмкін ештеңе де жоқ шығар, ғасырлардың аржағы сияқты тақыр дала, мидай жазық, бір ұрттам су да жоқ болар.

S: Мен бір керемет мүсін көрдім-ау деймін.

D: Олардың сатысы ұзын екен, бірақ, бізге түкте пайдасы жоқ, өйткені бізде саты да жоқ, оған жететін бой да жоқ.

D сатыға қол созады, жүгіріп келіп секіріп көреді. Бірақ, қолы жетпейді. S қасына келеді, ол да секіреді, бірақ, ештеңе шықпайды.

S: Ол жақта тірі пенде жоқ сияқты. Біреу болса, біз бірдеңе естір едік қой. Мен ештеңе естіп тұрғам жоқ. Әлде құлағым естімей тұр ма?

D: Мен де ештеңе естіп тұрғаным жоқ. Мүмкін біз керең шығармыз, естімейтін шығармыз, естімесек, олар қалай айғай салса да біз бәрібір естімейміз ғой.

S: Олар бізге дауыстайды деп ойлайсың ба? Ол жақта адам жоқ болсашы...

D: Адам жоқ болса онда саты неге тұр? Мүмкін олар бізге айғайлап-айғайлап, естірте алмай, ақыры мезі болып, амалдары құрып өз жөніне кеткен шығар?

D: Біз неге естімей қалдық екен? Әттеген-ай, ә!

S тұра қалып дауыстайды.

S: Ей, біреу барсың ба, біз естімейміз, біз саңыраумыз, бізге саты керек, бізге сатыны түсіріңдерші... (қасында тұрған D-ның бетіне қарайды) ешкім тіл қатпайды!

D: Ештеңе шықпайды, біз олармен тілдесуге шарасызбыз, олар бізбен тілдескісі келмейді. Не үшін?

D мен S не істерін білмей дағдарған адамдай төмен қарап ойланып ары бері жүреді. Бір-біріне жақын келіп: не үшін? - дейді. Одан тағы да ойланып ары-бері жүреді.

S: Таптым, былай істейік, біз екеуміз дауалды бойлап екі жаққа жүрейік, мүмкін алдымыздан саты немесе есік дегендей бірдеңе кезігіп қалар...

D: Табылған ақыл, солай істейік, мен мына жаққа, сен ана жаққа, кеттік.

Екеуі дауалды бойлап екі жаққа кетеді. Арада аз уақыт өтеді. Олар дауалдың екі жағынан бойлап келеді. Бұл жолы олардың киімдері тозған, өздері қартайған. Таяқ ұстаған екеуі әуелгі от жаққан жерге келеді. От әлдеқашан өшіп қалған. Олар бір-біріне қарайды, бірақ, тілдесуге де шамасы келмейді. Сөнген оттың орнына қарап тұрып-тұрып үнсіз тағы да екі жаққа кетеді.  

5-көрініс:

Сахнада адам шоғыры. Автобекет немесе вокзал сияқты жер. Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Сахнада біреулер тілдесіп, біреулер өз алдарына ойланып, енді біреулер жан-жағына қарап әлдекімді іздеп тұрады. Бір адам қағаздан ұшақ жасап ұшырады. Енді бір адам сахнаның тағы бір жағында шар ұшырады. Сол шоғырдың арасында қойылымның басында сахнаға шыққан Абай мен Коң Зы да жүреді. Олар бір-бірінен алыс тұрады.

Абай: Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірді өткіздік. Алыстық, жұлыстық, тартыстық, - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсыздығын, байлаусыздығын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік.

Коң Зы: Су төменге, адам биікке ұмтылады (“人往高处走,水往低处流。”) Құс та қайда қонақтарын біледі (鸟儿尚且知道找一个栖息的林子) Ал адам неге өз орынын білмеске (“知其所止”) Өз орнын білсе, хан халқына мейірімді, қарашасы ханына адал, әке сыйлы, ұл опалы, адам бір-біріне қадірлі әрі сыйлы болмай ма?! (“为人君,止于仁;为人臣,止于敬;为人子,止于孝;为人父,止于慈;与国人交,止于信。”)  Сонда заман тыныш, адамның тірлігі оң болар еді ғой.

Абай: Адам баласы жылап туады, кейін өледі. Екі ортада бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірі бар малын сатып алуға таба алмайды.

Коң Зы: Ханнан қарашаға дейін өзін тәрбиелемек керек. Тәрбие адам болудың бастамасы. Тәрбиесіз адам асау ат сияқты. Жүгенсіз кетеді. Ондай адам ел басқармақ түгіл, өз басын да дұрыс алып жүре алмайды. Ел боламын десең, алдымен отбасыңды түзе. Отбасыңды түзеу үшін өзіңнен бастауың керек, жаның таза болса, рухың биік болады, рухы биік адам адал келеді, адалдық туралыққа, істің нарқын білуге бастайды, ақ-қараны айыра білген адам қателесе қоймайды, өзін де өзгені де жөне сала алады (自天子以至于庶人,壹是皆以修身为本。其本乱而末治者否矣;其所厚者薄,而其所薄者厚,未之有也), (欲治其国者;先齐其家;欲齐其家者,先修其身;欲修其身者,先正其心;欲正其心者,先诚其意;欲诚其意者,先致其知;致知在格物)

Абай: Һәма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейткеннен басқа ойының жоқтығынан, өзгеге салынса, бұлай болмас еді. 

Сахнадағы адам шоғыры азая бастайды, біреулер сахнадан түсіп кетеді.

Коң Зы: Көңілің ала болса, көріп тұрсаң да көрмейсің, естіп тұрсаң да естімейсің; (心不在焉,视而不见,听而不闻,) мақсатың анық болса ғана табаның таймайды, кең ойланып, анық кесесің  (知止而后有定,定而后能静,静而后能安,安而后能虑,虑而后能得) тоғыз толғанып істесең, жетпесең де, жетіп жығыласың (心诚求之,虽不中,不远矣)...   

Сахнадан Коң Зы түсіп кетеді. Сахнада адам азая береді.

Абай: Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін байлап, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын астына алып, бөркі түсіп қалып, етегі атының артын жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Абай да сахнадан түседі.

Сахна жабылады. 

.....

6-көрініс:

Жоғарыдағы көріністің бәрі әуежайда ұшақ күтіп отырған бір адамның қалғып кеткенде көрген түсі...

Сахнаға жарық түседі. Театрдың көрерменге арналған қатар-қатар орындықтарына ұқсаған орындықтар көрінеді. Орындықтар бос тұр. Тек алдыңғы қатарда біреу (Асылбек) отырады. Ол қалғып отыр. Бір кезде тізесіне қойған сумкасы жерге түсіп кетеді. Ол оянады. Жан-жағына қарайды.

Асылбек: Түс көрдім бе, не болып кетті... түс көргенім анық. Қайда отырмын, иә, мен әуежайда отырмын, ұшамын, қайда, шынымен түс көрдім бе (орнынан тұрып оң-солына жүреді, тоқтайды, алғаш Абай сахнаға шыққандағыдай иегін ұстап аз ойланып қалады), түс көрдім, Абай, мен Абайды көрдім! тіпті мүмкін емес! және Коң Зы бар. Олар осында, біздің қасымызда тұрды. Олар анау үнсіз тұрған мүсін емес, адам, ет пен сүйектен жаралған, тура мен тұрған мына жерде тұрды. Сене алар емеспін. Біздер жұмыр жердің төсінде тынбай кезіп жүрміз, Лондон, Нью-Йорк, Бейжің, Токио, Астана ары қарай... қайтып келеміз, тағы кетеміз, тынымсыз жүре беруге, шыр көбелек айналуға  жаралған жан сияқтымыз. Соңымызда не қалып бара жатқанын ойлауға да, ойлануға да мұршамыз жоқ. Тоқтамайтын, тоқтатпайтын сапардамыз. Сонда нені қуып, нені мұрат етіп жүрміз? Білмеймін! «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ...» депті Абай. Коң Зы. «Ертеңің туралы ойланбасаң, бүгініңді қор қыласың» (人无远虑,必有近忧) деген екен. Сонда ұмтылғанымызды аяққа таптап, сол жолмен әлде қайда желіккенде баратын жеріміз қай тұс? Біз кетіп, олар қалып бара жатқан жоқ па? Ғасырлардың аржағынан жеткен үн, жоқ, сол рух, тірі жан осында, біздің арамызда тұрғандай. Бірақ, біз оларды танып тұрмыз ба? Тани алдық па? (кезекті ұшаққа шығу туралы хабарлама естіледі)   Біз сапарға кетіп барамыз, ал олар... олар осында! Олар осында қалып, біз кетіп қалмасақ жарар еді?

Асылбек сумкасын көтеріп екіленіп біраз тұрады, әлденеге қош айтқандай айналасына қарайды да сахнадан түсіп кетеді.

Сахна жабылады.

СОҢЫ.

Ардақ Нұрғазы

http://blog.sina.com.cn/s/articlelist_1587362207_0_13.html

中庸《大学》全文及翻译

https://tieba.baidu.com/p/3060850955?red_tag=2505704855