Қызылорда облысы Арал ауданында құлаған АН-2 ұшағына байланысты оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге салсақ, бүгін түс әлетінде санитарлық авиация қызметін атқаратын АН-2 ұшағы Арал қаласына жақын аумақта орналасқан Алтықұдық деген жерге құлап, толығымен жанып кеткен. Аталған орын аудан орталығынан шамамен 21 шақырым қашықтықта.
Бұл жөнінде хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сағат 12.10-де түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде ұшақ толықтай жанып кеткен.
«Экипаж «Санавиация» қызметінің тапсырмасы бойынша ұшып шыққан. Келеңсіз жағдай ұшақтың қону кезінде тіркелген. Аудан аумағында тұман түсуінен ауа райының қолайсыз болғандығы анықталды. Қону барысында ұшақ батпаққа құлап, аударылып кеткен. Ұшақ ішінде 1970 жылғы экипаж командирі, 1992 жылғы екінші пилот және 1974 жылғы дәрігер болған. Олардың барлығы аман, ешқандай зардап шекпеген. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Артынша өрт шығып, ұшақ толық жанып кеткен», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Саид Молдақараев.
Мәлім болғанындай, ұшақ сағат 9.30 шамасында Қызылорда әуежайынан тиісті бағытқа бет алған. 1987 жылы шығарылған әуе техникасы былтыр қараша айында жөндеуден өткізіліп, ұшуға қайта рұқсат етілген.