Су қай кезде де құны жетпес қазына, тіршілік көзі екені мәлім. Әсіресе, соңғы кездері экологиялық ахуал су тапшылығына өз залалын тигізіп келеді. Өз кезегінде су тапшылығы экологияға да, адамзаттың дамуына да кері әсерін тигізеді. Қиырдағы ахуалды айтпай, өзіміздің Орталық Азиядағы су проблемасына тоқталатын болсақ, күрмеуі көп мәселені көреміз. Суды үйлесімсіз пайдаланудан Арал теңізі құрғап бара жатыр. Әйтсе де, шешу жолдары жеткілікті. Бұл туралы Кеңес Одағы тұсында Арал мәселесімен түбегейлі айналысқан қайраткер, Ресей инженерлік академиясының академигі, инженер-гидротехник Полад Аджиевич ПОЛАД-ЗАДЕМЕН әңгімемізде осы теңіз жайын арқау еттік.
– Полад Аджиевич, Кеңес Одағы ыдыраған соң, Арал теңізі бассейнінің маңына шоғырланған Орталық Азиядағы бес мемлекет баса көңіл бөлген мәселенің бірі –
Аралды сақтап қалу болатын. Әсіресе, осы Аралға құятын Әмудария мен Сырдарияның суын ысырап қылмай, ұқыпты пайдалану жайы күн тәртібіне шығарылғаны да елдің есінде. Жалпы, сіз Аралға қатысты мемлекет басшыларының бүгінгі саясатын қалай бағалайсыз? Сондай-ақ, Кіші Аралды сақтау туралы да ой-пікіріңізді білсек деп едік.
– Орталық Азиядағы су ресурстары проблемасы өте күрделі әрі өзекті мәселе екені белгілі. Өйткені, Арал теңізі орналасқан Орталық Азияның бес мемлекетінде 60 миллионға жуық халық тұрады. Енді осы 60 миллион халықтың тіршілігіне нәр берген Аралды екі ұлы өзен – Сырдария мен Әмудария толтырады. Алайда, бұл қос өзенге қатысты талас-тартыс пен дау-дамайлар ғасырлар бойы толастаған емес. Себеп белгілі – сусыз ешкім ештеңе істей алмайды. Дегенмен, мен осы мәселеге қатысты көпшілік көңіл бөле бермейтін бір деректі келтірсем деймін.
Қазан төңкерісінен кейін жарты жылдан соң, шамамен 1918 жылдың ортасына қарай В.Ленин Орталық Азия аймағындағы су шаруашылығы мәселелерін реттеу мақсатында 50 миллион рубль қаржы бөлу жөнінде шешім шығарды. Бұл шешім сол кездегі Азамат соғысының алдында қабылданған. Кейіннен, Кеңес Одағының қарамағына қосылған жылдары тіршілік нәрі үлкен аумақта кең таралып, суландыру процесі жандана түсті.
Мен бүгінгі әңгімемізге тікелей қатысы болмаса да, осы бір оқиғаны елемей кеткім келмеді. Себебі, Кеңес заманында мұндай мәселеге өте қатты көңіл бөлінді және ол ғайыптан пайда бола қалған жоқ. Тіпті, революцияға дейін де Сібір өзендерінің суын Орталық Азияға бұру жайлы болжамдар болған. Мұндай ойды қолдап, жоба нәтижесінен зор үміт күткендер де, оған түпкілікті қарсы болғандар да кездескен.
Ал енді әңгіме ауанын өз тақырыбымыз – Аралға бұрсақ. Әмудария мен Сырдария өзендерінің суы еркінен тыс игерілсе, Аралдың аумағы тарыла түсетіні бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Аралды сақтау мақсатында Ресей өзендерін Орталық Азияға қарай бұру өте-мөте тиімді әрі бұл кездейсоқ қадам болмас еді. Алайда, ғасырларға ұласқан пікір қайшылығынан ол орындалмас арманға айналды. Инженерлік құрылымдарды оңтайлы үйлестіріп, Сібірдің суын Аралға құйғанда анау-мынау емес, 60 миллион адамның тағдыр-талайы шешілген болар еді.
– Сонда бұл жобаға кімдер қарсы болды?
– Алға тартқан уәждерінен нақты мысалдар келтірсек. Мәселен, немістің «Шпигель» журналында менің суретім мен қолым қойылған мақала басылды. Сонда мені үкімет пен орыс халқына қарсы адам ретінде көрсетеді. Қалай дегенде де, сол кездегі Үкімет дереу іске кірісуді талап етті. Бастапқыда М.Горбачевтің бұл жобаға көзқарасы оң еді. Менің бірнеше рет оның қабылдауында болуым – сөзіме дәлел. Кейіннен ол бұл ойынан кілт айнып, тіпті, біздің осы жоба аясында жұмыс істеуімізді заң шеңберінде тыйып тастады. Бір анығы, егер сол жоба жүзеге асқанда Орталық Азияға 28 текше/шақырым су келіп, миллиондаған адам егіншілікпен айналысатын еді. Өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік өз жерінде отырып, мақта мен көкөністердің түр-түрін өсіріп, өндіретін мүмкіндік туар еді. Бұл тұрғыда азды-көпті тәжірибемізбен жергілікті халықтың егіншілікке бейімділігіне де айқын көз жеткізгенбіз. Сөйтіп, Өзбекстан аумағындағы Карша жазығын игеруде тақыр жерден мол өнім алуға болатындығын дәлелдедік. Яғни, Әмудариядан су шығару арқылы табысқа жетелейтін тың бастамаға қол жеткіздік. Ол жердегі маң далаға ешкім келмесі белгілі ғой. Сол үшін ең алдымен біз ірі су сорғылар арқылы су шығарып, бірнеше ауыл мен оған жол салып, түрлі кәсіпорындар құрып, инфрақұрылым тарта бастадық.
– Ал қазір кезінде сіздер салған ауыл-аймақтың жай-күйі қалай?
– Бүгінде ол жерлерден адамдар кете бастады. Неге? Өйткені, Арал маңын мекен еткен тұрғындар үшін өмір сүру оңайға түсіп жатқан жоқ. Қазір жер асты суларын шығарып беру арқылы олардың тіршілік көзін қолжетімді еткендейміз. Осымен мәселе шешілді ме? Әрине, жоқ.
– Ендеше, Аралды құтқару үшін не істемек керек?
–Мен жуырда Нұрсұлтан
Назарбаевтың су шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысты арнайы Қаулыға қол қойғанынан хабардар болдым. Ол құжатта Аралдың мәселесі ғана емес, су шаруашылығына қатысты инженерлік желілер мен олардың әлеуметтік маңызына қатысты мәселелерді шешудің сан жолдары қарастырылған. Сонымен қатар, Солтүстік Аралды сақтап қалу жайы да жан-жақты баяндалған. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерлік қарымын өте жақсы білемін. Ол қашан да Аралды құтқару ісінде табандылық танытып, бастамалардың жүзеге асуына тұрақты көңіл бөліп келеді. Солтүстік Арал – соның бір айғағы. Қазір ол жерге адамдар қайта оралып, балық шаруашылығымен айналыса бастағанын көріп қуанамын. Сол сияқты су шаруашылығына қатысты түйіндер де тиімді шешілуде. Мәселен, су мол кезде қор жинап, жаздыгүні егіс алқабында пайдалану тәжірибесін де Қазақстан Президенті өте тиімді пайдалануға болатынын дәлелдеді.
– Қалай десек те, ғасырлар бойы ағыл-тегіл ағып, Аралға құйған қос өзен суының соңғы жүзжылдықта сарқылуын тоқтату мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?
– Ақиқатында Аралға құяр судың азаюы кейбір бауырлас елдер арасындағы жағдайды күрделендіріп, түсінбеушілікті өршітіп жіберуі мүмкін. Дегенмен, мынадай бір мәселелерді ашық айтпасқа болмайды. Су басында отырғандар қазір тіршілік көзін тоғандап, буу арқылы электр энергиясын өндіретін аса қуатты станциялар (СЭС) сала бастады. Осы жерде бір сұрақ туындайды: суды тоқтату арқылы энергия өндіріп, табысқа кенелген жөн бе, әлде, оны жаз кезінде егістікке пайдаланып, ақшаны күреп тапқан тиімді ме? Бұл өзі өте қиын мәселе болғанымен, шешімін табудың мүмкіндігі бар. Кеңес Одағы құлағаннан кейін бес мемлекет басшылары бірлесе отырып, бір тоқтамға келді. Яғни, мемлекетаралық деңгейде арнайы комиссия құрып, түйінді тарқатудың төте жолын тапқандай болған еді. Бірақ қазіргі кезде комиссия жұмысы сәтті деп айта алмаймыз. Бұл тараптар арасындағы әлі де шешімін таппаған әрі оған мүдделілік танытуға құлықсыз мүшелердің бар екендігін көрсетеді.
– Ал бұл істе Қазақстанның ынта-ниеті мен дәреже-деңгейі қалай?
– Қазақстан тарапынан Аралдың жайын оңтайлы шешуге деген ұмтылыс күшті. Арнайы жобалар мен тиянақты бағдарламалар да қолға алынуда. Әйтсе де, менің ойымша мүше-мемлекеттердің барлығы да бір үстелдің басына жиналып, Аралды құтқару мен оны қалпына келтіріп, тиімді пайдаланудың жолдарын талқыласа құба-құп болар еді. Бұл жерде Арал мәселесімен шектелуге болмайды. Өйткені, Орталық Азиядағы су шаруашылығын қалыптастырып отырған өзендердің барлығы да трансшекаралық өзендер болып табылатындықтан, оны бес елдің өкілдері өз араларында жан-жақты қарауы тиіс. Мысалы, бір ғана Ертіс өзені Қытай мен Қазақстан және Ресейге қызмет көрсетеді. Ал Жайық өзені Қазақстан мен Ресейге тиесілі дегендей кете береді…
Бізге Арал бассейніне қатысты мақсатты бағдарлама аса қажетті деп санаймын. Бұл бағдарламаға Орталық Азиядағы бес мемлекетпен қоса, Ресей де мүдделілік танытуы тиіс. Демеушілік пен экологиялық мәселелердің шешілуінде халықаралық ұйымдардың қатыстырылуы сияқты мәселелер де назардан тыс қалмағаны жөн. Өйткені, бүгінгі таңда су саясаты Орталық Азияда ғана емес, әлем бойынша алаңдаушылық тудыра бастады. Әлемге әйгілі климатологтар мен экологтар су мәселесінен туындайтын шаруалардың шатқаяқтауынан келетін апаттан адамзаттың тартар азабы ауыр болуы мүмкіндігін айтып дабыл қағуда. Жер-дүниедегі білікті әрі беделді мамандар соңғы жылдары жаһандық жылыну салдарынан климаттық өзгерістер туындап, ол уақыт өткен сайын ушығып келе жатқанын мәлімдеуде. Есесіне, Ресейдің оңтүстік өлкесі мен Орталық Азияда су тапшылығы сезілуде. Тіпті, болашақта осы тапшылық көлемі ұлғаюы да мүмкін. Ал сулы өңірлерде оның көлемі кемерінен тасып жатқаны тағы да белгілі. Оған соңғы жылдардағы жыл сайын қайталанатын су тасқыны дәлел бола алады. Осыдан келіп су шаруашылығын пайдалануға қатысты тиянақты, нақтыланған мақсатты бағдарлама қажеттілігі туындайды.
– Алатаудың баурайындағы Тоқтағұлда судың тоғандалуынан Оңтүстік Қазақстан облысы зардап шегуде. Одан кейін тәжіктер Қайраққұмда суды ұстап қалуда. Соның салдарынан судың төменгі сағасында орналасқан Шардара су қоймасы кемеріне толмай, егіс алқабы құрғауда. Осы жағдайға қатысты қандай ой айтасыз?
– Бұл жерде әңгіме ауаны жоғарыда мен атап өткен мемлекетаралық комиссия құрумен қайта ұштасады. Оған қоса айтарым, тараптарға осы органның шешімін мінсіз орындауды міндеттеу керек. Себебі, бұл су мәселесіне қатысты мемлекетаралық деңгейдегі геосаяси жағдайға теңескенімен, ол жеме-жемге келгенде жергілікті халықтың үнемі бақылауда ұстауы тиіс әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Оның астарында 60 миллион адамның тағдыр-талайы жатқандығын ескермей болмайды.
– Сонда Халықаралық Аралды қорғау қоры мұндай міндетті атқара алмай ма?
– Әрине, бұл ұйымның мүмкіндігі бар ғой. Бірақ тағы да сол әлгі бес мемлекет басшылары мен Ресей жетекшілерінің ұстаным, пікірлерін нақтылап алу керек секілді. Сонымен қатар, ТМД аясында су шаруашылығын реттеу жөніндегі үйлестіру комиссиясы құрылды емес пе? Алайда, бұл құрылымның қазіргі қадамы бізге беймәлім күйде қалып отыр.
– Аралды құтқару мәселесіне келсек, қазір мүдделі мемлекеттердің міндеттері бір арнаға тоқайласпай тұрған сияқты. Айталық, Қазақстан Солтүстік Аралды сумен толтыруға тырысса, Өзбекстан өз бетінше әрекет етуде. Әмударияны жағалаған түрікмендер де әрекеті бөлек болса да, қамсыз отыр дей алмаймыз…
– Бұл жерде Қазақстан мына жағдайды ескеруі керек. Судың төменгі сағасы етекте отырғандықтан, бұл өлкеге судың ақабасы ағып келеді немесе ағыстың тоқтар тұсы. Сондықтан да Қазақстан ең көп зардап шегетін ел. Ал енді бүгінгі таңда қазақтар Ертістің суын өте тиімді пайдаланып, «Ертіс–Қарағанды» каналы арқылы Астананы сумен қамтып отыр емес пе?! Демек, мәмілеге келу арқылы барлық мәселені тиімді шешуге болады. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы биік беделі ықпал ете алады деген сенімдемін. Ол Солтүстік Арал мәселесін шешу арқылы мақсатына мығым екендігін іспен дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, елдің бәрі бұл мәселеге осы деңгейден қарай алмауда. Сондықтан да мен су мәселесімен айналысатын арнайы ресми орган болу керек деп айтып отырмын. Әрине, бұл жерде бес елдің ойы бір жерден шықпауы да мүмкін. Кім жоғары жақта отырады, сол суды көбірек пайдаланып қалуға тырысады. Өйткені, суды турбинадан өткізу арқылы олар ешкімге, ешқандай ақы төлемей табысқа кенеледі. Ондайды кім құп көрмесін.
Ал енді сөз басында айтып өткен Сібір суларын Аралға қарай бұру идеясы туралы айтар болсам, ол былай. Қашан да ой-өрістің дамып, идея айтылып жататыны секілді, жұмыс бар жерде түрлі ұсыныс, жоспарлар мәлімделеді. Ал ол қашан, қалай жүзеге асады? Бар мәселе сонда. Мысалы, соңғы жылдардағы Қытай үкіметінің жасаған жобалары біздің көптен бері айтып келе жатқан ойымызды іске асыруға болатындығын айшықтай түсті. Қытайлар солтүстікке қарай үш үлкен канал тарта отырып, алып су қоймасын салу үшін 1,3 миллион адамын батыс аймаққа көшірді. Міне, осы каналдар арқылы олар Бейжіңнің су мәселесін оңтайлы шешіп тастады.
Сондықтан да, мен Аралды құтқару мәселесіне қатысты айтылып келген жоспар-жобаларды толық қолдаймын. Әсіресе, арнайы орган құру арқылы оның шешімінің қағаз жүзінде рәсімделуіне басымдық берілуі керек. Ондай жағдай жасалмаса, істің бәрі бос.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»