«Бұл – аңыздың ақыры емес. Қайта талай аңызға арқау болар абыздық өмірдің бастауы ғана». Алаштың айтулы азаматы, қазақтың қабырғалы қайраткері Әбіш Кекілбайұлына арналған конференцияда осындай сөз айтылды. Айтқан – Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сыр топырағында өткен «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» атты үлкен жиынға Астанадан классик жазушының жары Клара Жұмабаева, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Алматыдан ақын Есенғали Раушанов, жазушы Мереке Құлкенов, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Ақтаудан айтулы ақындар Мэлс Қосымбаев пен
Әнуар Бимағамбетов арнайы келіп, қатысты.
Ғылыми конференцияның алдында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Әбіш Кекілбайұлы атындағы аудитория ашылды. Сонан соң Студенттер сарайында қайраткер тұлғаның өмір жолы турасындағы жүрек толқытар, көңілді тебірентер әңгімелердің тиегі ағытылды. «Әбіш Кекілбаев перзенттік парызына парасаттылық тұрғысынан жауап берді, қаламгерлік шабытпен даналық ой дарытқан дарабоз ретінде дараланды. Ол халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңын елімен бірге, жүрегі жарыла қарсы алды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық», – деп Абыздың сөзін айтқан Әбіш аға саналы өмірі мен бар болмысын сол тәуелсіздіктің тұғырын бекітуге аямай жұмсаған қайраткерлік қырынан да танылды», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Ал Әбіш Кекілбайұлының көзі тірісінде «Әулие» деп мақала жазған Мырзатай Жолдасбековтің баяндамасы жиылған қауымды бір серпілтіп тастады. Бірге жүрген күндерінен шертілген сыр мен естелік көңілдің қыл пернесін шертіп өтті. «Әбіш – табиғатынан, жаратылысынан ерекше туған, тарихтың құрсағынан, дәуірдің құндағынан, жалпы қазақтың кең пейілінен, құшағынан ерекше жаралған тұлға. Қазақтың даналығы да, көсемдігі де, шешендігі де, жыраулығы да, даңғылдығы да бір Әбіштің басына сыйып, жарасып тұратын. Оның көл-көсір білімі, кемел кеңесі, терең толғауы, шалқар шабыты, қазақтың бағзы жырауларын, ұлы шешендерін, дана билерін еске салушы еді. Әбіш маған жүзіп өте алмайтын мұхиттай, өткел бермейтін дариядай, жүріп өте алмайтын шексіз даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай көрінетін. Мен Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын. Ол даналығы мен кемеңгерлігіне қарамастан өзін ешкімнен артық санамайтын», – деді ол. Тұлғаның тұлғаны тануы, құрметтеуі, қадірлеуі осындай-ақ болар, сірә.
Абыздың көсемдігі мен шешендігі, жалпы тұғырлы тұлғасы туралы толғаған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановтың сөзінің түйіні былай өрілді: «Жаратқан Иеміздің бізге Әбіштей перзент сыйлағанына тәубе дейік. Мына дүниеде Әбіштей асыл адам, Әбіштей дара дарын, Әбіштей жомарт жүрек, Әбіштей біртуар білім иесі, Әбіштей кемел кемеңгер, Әбіштей жібек жан болғаны үшін, оған қоса сондай құдыреттің біздің мұсылман жұртынан, біздің түркі нәсілінен, біздің халықтан шыққаны үшін, оған қоса біздің заманда, біздің қоғамда туып, бізбен бірге өмір сүргені үшін, біздің бәрімізге ұлы адамның көзін көрудің, сөзін тыңдаудың бақытын сыйлағаны үшін тәубе дейік». Шүкір!
Мэлс Қосымбаев «Қарасөзден Қағанат тұрғызғандай» толғауын орындап, Шәкизада Әбдікәрімов пен Әнуар Бимағамбетов тау тұлға туралы өлеңдерін оқыды. Бауыржан Омаров Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы жайында сөз қозғады. Ал Дархан Қыдырәлі жазушы болмысын қазақтың байтақ даласына теңеп, оның «Егеменде» жарық көрген мақалалары «Дәуір дауысы» атты кітапқа біріктіріліп, жарыққа шығатынын айтты. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «биіктік, кеңдік, тереңдік» деген қазақтың үш өлшемі Әбіш Кекілбаевтың болмысынан табылады, деді.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ директоры, профессор Бағдат Кәрібозұлы баяндама жасады. Конференцияны қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушының жұбайы Клара Жұмабаеваға құрмет көрсетіп, ақ күріштен салынған Әбіш ағаның портретін сыйға тартты. Сонымен қатар, осы күні «Болашақ» университетінде де Әбіш Кекілбайұлы атындағы аудитория ашылды. Солайша, біз күні бойы Әбіш әлеміне саяхат жасап, кәусар бұлағынан сусындағандай әсерде болдық.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА