06 мау, 2023 сағат 09:25

Антикор Арыстанбек Мұхамедиұлын жала жабу фактісі бойынша тергеуі мүмкін

© Photo: видео алынған скрин

Сыбайлас жемоқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша жала жабу фактісімен сотқа дейінгі тергеу бастауы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

"Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бұрынғы мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қатысты сот процесінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін «Дипломат» қонақ үйін үшінші тұлғаларға қайта жазуға және 111 млн теңге сомасында залалды өтеуге мәжбүрлеу туралы ақпарат пен бейнеролик таратылды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз.

Мұхамедиұлына 221 млн теңге жымқырды деген айып тағылып, оның қатысы жиналған дәлелдемелермен расталып, іс-әрекеттердің біліктілігі прокуратура органдарымен келісілді. Оның әрекеттеріне қорытынды бағаны сот береді" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, тергеу барысында жауапкершілікті жеңілдету мақсатында келтірілген залал ішінара өтеліп, 111 млн теңге мемлекет кірісіне аударылған.

"Оған қоса, қазіргі таңда «Дипломат»  қонақ үйін рейдерлік жолмен тартып алды деген күдікке ілінген Мұхамедиұлының өзіне қатысты қосымша эпизод бойынша тергеу аяқталды. Осыған байланысты Мұхамедиұлы аталған мән-жайлар бойынша сот пен жұртшылықты адастыру жолымен жауапкершіліктен жалтару мақсатында жалған ақпарат берген.

Жала жабу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы мәселе шешіліп жатыр. Азаматтардан тек ресми көздерден алынған объективті деректерге сенуді сұраймыз" - делінген агенттік хабарламасында.