Осы аптаның басынан Англияда оқшаулау режимін бұзғаны үшін төленетін айыппұл көлемі өсті. Бұл айыппұл үйден тыс жерде болған немесе Covid-19 белгілері бар немесе науқастарды бақылап отыратын «Test and Trace» бағдарламасының қызметкерлері хабарласқаннан кейін анықталатын адамдарға қатысты, деп хабарлайды ВВС.
Алғаш рет режимді бұзушылар 1000 фунт (шамамен 1,3 мың доллар) төлеуге мәжбүр болады. Карантинді екінші рет бұзғандар үшін 10 мың фунтқа дейін (13 мың АҚШ доллары) айыппұл қарастырылған.
Үкімет өзін-өзі оқшаулау режимі тағайындалған адамдардың өте аз пайызы оны ұстанатындығын көрсеткен зерттеу нәтижелерінен кейін айыппұлды көбейтуді шешті. Британияның Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия сияқты өңірлері де осындай шараларды енгізуді жоспарлап отыр.
Британияның NHS ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері үкімет бөлек құрған Test and Trace бағдарламасын сынға алды. Дәрігерлер Test and Trace алдағы қыста сынақтарға деген үлкен сұранысты еңсермеуі мүмкін және қосымша ресурстарға мұқтаж деп алаңдап отыр.
«Бағдарлама ел үшін өрт пен қылмысқа қарсы күрес сияқты маңызды, егер ол жұмыс істемесе, бәріміз зардап шегеміз», деді BBC-ге берген сұхбатында NHS Providers ұйымының басшысы Крис Хопсон.