Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша аудандық ауруханасының директоры ана өліміне қатысты істе басы дауға қалып, өз еркімен жұмысынан кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов жас ана Әйгерім Қазезованың өлімін бір ай бойы жасыруға не себеп түрткі болғанын және осы фактіге қатысты қандай шаралар атқарылғанын баспасөз мәслихатында айтты.
Естеріңізге салайық, Тайынша ауданы Большой Изюм елді мекенінің 34 жастағы тұрғыны Әйгерім Қазезова облыстық көпсалалы ауруханаға коронавирус жұқтырып түседі.
Жүкті келіншекті жағдайы нашарлай бастағасын дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алады. Бірақ ол бірнеше күннен кейін 22 тамызда өкпенің қабынуынан облыстық ауруханада көз жұмады. Емдеу мекемелеріндегі «былық» осыдан кейін басталған. Жас ананың өлімін жасыру үшін аурухана мамандары Қазезованы қағаз жүзінде Тайынша ауруханасына ауыстырған. Ол жерде бір ай бойы «емдеген». Мәйітті туыстарына 22 тамыз күні бергенімен, қайтыс болғаны туралы құжаттарды марқұмның күйеуі тек бір айдан кейін алған.
Дәрігерлердің ана өлімін жасыруына қатысты тәуелсіз комиссия құрылып, олар істі бүге-шігесіне дейін тексерді. Сарапшылар екі медициналық мекеменің 10-ға жуық қызметкерінің заңсыз әрекетін әшкереледі.