Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамысы» 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильміне берілетін бас жүлдені жеңіп алады.
Сценарийдің авторы: Роза Хұснутдинова, басты рөлдерде Ермек Төлепбаев пен Ұлан Сарбасов ойнайды. Композиторы: Нұрғиса Тілендиев.
Кішкентай екі дос Алпамыс пен Қалихан бір ауылда тұрады. Жаңа оқу жылы басталғанда жеті жасар Қалиханды мектепке жаздырады, ал алты жасар Алпамысты мектепке алмайды. Алпамыс үйіне жылап оралады. Осы күннен бастап Алпамыстың күні-түнгі арманы мектеп болады.