Вирусолог-ғалым, медицина докторы Алмаз Шарманды әлемдік БАҚ тегі қазақ америкалық ғалым деп таныстырса, қазақтар оны бауырына тартып, өзіміздің Алмаз дейді. АҚШ-та тұратын ол бізге Covid-19 індетіне тосқауыл болуы мүмкін медицинадағы соңғы жаңалықтарға қатысты ойларымен бөлісті.
– Коронавирус, вакцина тақырыбы кейінгі кезде саясиланып, алпауыт елдер арасында бәсекеге айналып барады. Ғаламды дүр сілкіндірген пандемияның саяси салмағын қалай бағалайсыз?
– Коронавирус геномы ғылыми түрде талдана бастаған жарты жылдың ішінде вакцинаға қатысты 140 жоба назарға алынып, оның 20-сы клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Мұның бәрі – өте жағымды жаңалық. Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп фармацевтикалық гигант Pfizer мен неміс биотехнологиялық компаниясына осы жылдың соңына дейін 100 млн дозалық вакцинаны әзірлеуге 2 млрд доллар көлемінде грант бөлетінін айтты. Оксфорд университеті мен AstCra Zeneca ғалымдары дайындаған вакцина оң нәтиже берді. Оны қабылдаған адамдарда коронавирусты бейтараптандыратын антиденелер пайда болатыны айтылып жүр. Вакцина Ұлыбританиядағы, Бразилиядағы және басқа елдердегі 10 мың еріктілер арқылы сынақтан өтіп жатыр. Қытайлық CanSino компаниясы және америкалық Moderna компаниясы жасаған вакциналар да оң нәтиже көрсетті. Қазір бұл мәселенің саяси астарына үңілудің қажеті жоқ. Уақыт өтіп жатыр. Қолдағы күш індетті тоқтатып, адамзатты құтқарып қалуға жұмылдырылуы керек.
– Осыған дейін вакцинаны жасау үшін 10 жылдан аса уақыт кететіні айтылатын. Қазір коронавирусқа қарсы вакциналар рекордты мерзімде дайындалып, сынақ мерзімі мен өндіріске енгізу процесі қатар жүргізіліп жатқан тәрізді...
– Кейбір компаниялар, тіпті сынақ мерзімін күтпестен, барлық тәуекелді өз мойнына алатынын мәлімдеп, өндіріске жіберуге ниет танытты. Бұл – үлкен тәуекел. Себебі басым көпшілігінің кем дегенде жарты ғасырлық тарихы және нарықтағы орны бар. Вакцина сәтсіздікке ұшыраса, қандай жағдайға тап болатынын біліп отырмыз. Тәуекелге барудан өзге жол жоқ. Сынама ретінде шығарған вакцинаны өздерін КВИ-ден қорғағысы келетін еріктілерге сынақтан өткізіп, сонымен бір мезгілде өндіріс көлемін арттырғысы келеді. Қысқасы, медицина, ғылым адамзатты індеттің тырнағынан құтқаруға асығуда.
– Маусым айында «ковидтен де қауіпті қазақ тұмауы пайда болды» деген әңгіме әлемге тарап кетті. ДДҰ қабырғасында өткен жиында доктор Майк Райан мұны коронавируспен байланыстырып қарайтынын мәлімдеді. Қазақ тұмауы, бар болса, ол қайдан шықты? Оның жойылатын немесе әлсірейтін кезі бола ма?
– Өкпе қабынуымен науқастанғандардың басым көпшілігі Сovid-19-бен байланысты. Көпшілігінің коронавирус тудырған аурулар ретінде жіктелмеуіне пациенттердің тексерілмегені немесе ПТP-тест сапасының нашар болғаны себеп. Ал екіншіден, «өтіріктің үш түрі бар: бұл – өтірік, анық өтірік және статистика» дегенді естіген шығарсыз: Статистикаға сәйкес біз нақты мәліметтер жағынан ұяттымыз. Статистикалық ашықтық экономиканы, денсаулық сақтауды, білім беруді және күнделікті өміріміз үшін маңызды нәрсені басқаруға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай шындыққа сәйкес келе бермейтін статистика мен жалған болжамдар басқарудағы ретсіздікті, дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігін қалыптастыратынын ескермейміз. Маусым айында Үкімет ұсынған дерек пен нақты жағдай арасында айырмашылықтар болғанына куә болдық. Енді мұның бәрі өзгереді деген үміт бар.
– Субъективті бақылаулар мен зерттеулерге сәйкес, ТМД елдеріндегі Сovid-19 өлімі АҚШ пен Еуропаға қарағанда төмен. Мұның себебін БЦЖ вакцинасымен байланыстыратындар көп.
– Мұның тікелей БЦЖ-ға қатысты екенін дәлелдейтін ғылыми дәйектемелерді көрген жоқпын. Бұл – гипотеза, болжам болуы әбден мүмкін. Аталған мәселені әлі зерттеу керек. Маған балалар коронавирус инфекциясын аз жұқтырады деген теория жақын. Себебі ересек адамдарға қарағанда балалардың иммундық қорғаныш қабілеті жоғары. Ал БЦЖ – туберкулезге қарсы қолданылатын вакцина. Ал туберкулез таяқшаларының вирустан айырмашылығы бар, оны вирус емес, коронавирус инфекциясына мүлдем қатысы жоқ бактерия деуге болады. ТМД елдеріндегі Сovid-19 өлімі АҚШ пен Еуропаға қарағанда төмендігі пандемия басталған кезде эпидемияға қарсы шаралардың тиімсіз ұйымдастырылуына байланысты. Бұл елдерде қарт адамдар санының көптігі және коронавирустың 60 жастан асқан адамдар үшін қауіпті екені маңызды рөл атқарды. Бірақ бұл дерек індетпен жас адамдар ауырмайды дегенді білдірмейді.
– Сovid-19-дан айығып шыққан адам қайтадан оны жұқтыруы мүмкін бе?
– Бұл жайлы көп айтылып жүр. Бірақ қайта анықталған дерт белгісі – сезімтал ПТР-тесттің көзіне түсіп қалған вирустың қалдықтары. Аурудан айыққаннан кейінгі пайда болатын антиденелер, иммундық жасушалар кем дегенде бір жыл ішінде инфекциядан қорғауға қабілетті деп санаймын. Елде эпидемияға қарсы қызметті күшейтуге мән беретін кез келді. Эпидемияны болжау және жаңа эпидемиялық қауіп-қатерлердің алдын алу үшін аналитикалық мүмкіндіктер жасалуы керек. Коронавирус індеті туралы айтатын болсақ, жұқтырған және инфекциядан қайтыс болған адамдардың санына назар аударады. Алайда қалпына келгендердің ағзасындағы өзгерістер туралы сирек айтылады. Ауру белгісі адам ағзасында із-түзсіз жоғалып кетпейтінін көріп жүрміз. Өкпе қабынуынан айығып шыққан адамдардың өкпесінде тыртықтар қалады. Кейбір адамдарда әлі күнге дейін өкпенің, жүректің, бүйректің және басқа мүшелердің ұзақ мерзімді қалпына келтіруді қажет ететін аурулары бар. Олар ентігу, жүрек айну, есте сақтау қабілетінің жоғалуы және иістерді ажырату қабілетінің бұзылуы сияқты жағдаймен жиі шағымданады. Әзірге адамзаттың назары дертті ауыздықтауға бағытталған. Бірақ күндердің күнінде осы дерттен аман қалған азаматтарымыздың денсаулығымен шындап айналысып, мемлекеттік деңгейде мән берілуі керек.
– Сіз жазбаларыңызда ежелгі вирустар адам геномында сақталып қалатынын, олар кез келген уақытта пайда болатынын айтқан едіңіз. Коронавирустың да біздің ағзамызда ұзақ жылдар ұйықтап жатып, қайтып оянуы мүмкін бе?
– Вирус үшін өзі өмір сүріп отырған дененің, иесінің өлуі тиімді емес. Адаммен бірге вирус та өледі. Ол адамсыз ештеңе де емес, тек паразит қана. Сондықтан оның табиғаты жан-жағына жұқтыра беруге бейім. Сол кезде ғана өмір сүріп қоймай, таралу кеңістігін де кеңіте береді. Вирус – бөтен генетикалық материалдың бір бөлігі. Біздің геномымызға енген кейбір вирус адаммен мыңдаған жыл бойы бейбіт өмір сүріп келеді, оның шамамен 10 пайызы ежелгі вирустардың қалдықтарынан тұрады. Олар бір кездері ата-бабаларымыздың генетикалық құрылымымен біріктірілген, осылайша бүгінге дейін генетикалық жағынан ұрпақтан ұрпаққа өтті. Мен бұл туралы «Денсаулықтың сегіз құпиясы» кітабымда жаздым. Бұлар негізінен ретровирустар деп аталады. Коронавирус осы топқа жата ма, жоқ па, бұл әлі зерттелмеген тақырып.
– Қытайда індет басталған кезде егде жастағы адамдардың, Еуропада жастардың да өкпеге жасанды түрде дем беретін аппараттарға түсіп жатқанын көрдік. Осы екі аралықта вирустың құрамында қандай өзгерістер болды?
– Иә, вирус, әрбір екі апта сайын мутацияланып жатыр. Дәрігерлерлер әзірге оның белгілі екі түріне назар аудара бастады. Оның алғашқысы – уханьдық, екіншісі италиялық немесе еуропалық түрі. Пандемия уханьдық түрінен басталып, Иранға, содан кейін Италияға дейін жетті. Ал мутациялана бастаған кезі осы жылдың ақпан айына тура келеді.
– Ақпан айындағы вирустың әлеуетіне қандай баға бересіз, наурыз айында бізге ол қандай өзгерістермен жетті?
– Ақпан айында вирустың жан-жағына жұқтыру қабілеті 10 есеге дейін өсіп кетті. Қазақстанға таралған коронавирус аздаған мутацияға ұшыраған италиялық штаммның нұсқасына көбірек ұқсайды. Бізге жеткен вирус өте жұқпалы һәм қауіпті. Covid-19 – әлі зерттелмеген дерт түрі. Алдағы уақытта оның жаңа нұсқалары пайда болуы әбден мүмкін. Эпидемияның ел ішінде тез таралуын оның жұқпалы, жан-жағына қауіпті бола бастағанымен ғана байланыстырып қарауға болмайды. Көп мәселе өзімізге байланысты. Адамзатқа бас амандығын сақтау үшін күресетін кезі енді келді.
– Биыл 16 наурызда АҚШ-та төрт еріктіге коронавирустық вакцина егілгенін, тәжірибені Сиэттлдегі Вашингтон ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жасағанын ақпарат құралдары хабарлады. Бұл сынақтардың қалай өткенін білесіз бе?
– Жақында Джон Хопкинс университетіндегі әріптесім, профессор Джошуа Шарфтайн әлемде «коронавирусқа қарсы тиімді және қауіпсіз вакцинаны кім бұрын жасайды?» деген мәселе бүкіләлемдік бәсекелестікке айналғанын, әрбір айналым сайын додадан шығып қалатын атлеттер эстафетасын еске салатынын ескертті. Жоғарыда айтып отырған кезеңдер вакцина сынақтарының фазаларына сәйкес келеді. Бірінші кезең – вакциналардың қауіпсіздігін тексеру. Бүгінге дейін жасалған вакциналардың көбінің адам ағзасына соншалықты кері әсері болмады, тек дене қызуының шамалы көтерілуі және аздап ауырсыну сияқты зиянсыз белгілер байқалды. Бұл – көптеген стандартты вакциналарда кездесетін құбылыс. Тестілеудің екінші кезеңінде тиімділікті бағалауға басымдық беріледі. Бұл вакцинаның инфекциядан шынымен қорғалуын қамтамасыз ету керек. Тексерілген вакциналардың басым бөлігі еріктілерде жеткілікті күшті иммундық реакция тудыруы мүмкін. Бұл коронавирусқа тосқауыл болатын антиденелерді қалыптастырудан, сондай-ақ вирус жұқтырған жасушаларды бұзатын иммундық жасушаларды ынталандырудан байқалады. Үшінші кезеңде – адамның ағзасына дозаны қанша мөлшерде салу қажеттігі зерттеледі. Оны анықтау үшін еріктілерге тест жүргізеді. Бұл кезең өте маңызды, өйткені ол болашақ өндіріс ауқымын анықтайды. Әзірге вакцинаның қанша уақыт қорғайтынын ешкім білмейді. Вакцина дайындап жатқан елдер оны кем дегенде екі есе дозада қабылдау керек екенін айтып жатыр. Бұл вакцина сәтті болса, үлкен мөлшерде миллиардтаған дозалар шығаруға рұқсат беріледі.
– Адамзатқа чип орнатады деген сияқты дәйексіз сөздер көбейіп кетті. Осындай алыпқашпа әңгімелердің таралуына не себеп болды?
– Қазір індетке қатысты артық сөздің көбейіп кеткені рас. Алғашқыда бұл жоқ ауру деді, кейін оның мемлекеттер арасында келісіммен жүргізіліп отырған биологиялық қару екенін айтты. Танымал кинорежиссер телехабарларының бірінде Билл Гейтс планетаны өзі жасайтын вакцинаға отырғызып, барлығын бақылау үшін микрочиптерді енгізіп, осымен айналысқысы келетінін айтты. Бұл хабар теледидардан алынып тасталғанымен, әлеуметтік желілер арқылы таралып кетті. Ақылға қонымды талдау жасап, жалған ақпарат көздерінің түбіне жетуге тырысатындар азайып барады. Саясаткерлер, бизнесмендер ғана емес, такси жүргізушілері, үй шаруасындағы әйелдердің аз ғана уақыт ішінде вирусологқа айналып кеткенін көріп жүрміз. Коронавирусқа қатысты жалған ақпарат ағымы пандемияға айналды. Кейбіреулер бұл құбылысты INFODEMY деп атады. Оның таралу көздері Facebook пен Telegram-дағы жалған аккуанттар, жалған youtube арналары. Біреулер Whatsapp арқылы коронавирустық пандемия дүниежүзілік соғыстың бір түрі, ал 5G ұялы байланысының жаңа буыны вирустардың таралуы үшін агрессорлармен арнайы жасалды деген ақпараттарды таратты.
– Мұны инфокоммуникациялық технологиялар ғасырында тоқтата алмаймыз ғой.
– Менің өзім де осындай хабарламаларды жиі аламын, олардың көпшілігі ғылыми сипатқа басымдық бергісі келеді. Жалған ғылымда ғылыми фактілер бұрмаланып түсіндіріледі, халықаралық ғылыми ортадағы күмәнді беделі бар топтардың дәйектемелеріне жүгініп, аңғал топтың сенбеске амалын қалдырмайды. Бұл шындықты жеткізуге тырысатын шынайы ғалымдардың сеніміне нұқсан келтіреді. Қауіптің басы – осы. Салмақсыз, негізсіз ақпарлардың кейбіреулердің көкейіне қона кету себебін түсінбеймін. Короновирус бұл өте қауіпті дерт, оған сіздің қандай ақпаратқа сенетініңіз, конспирологиялық теорияларға бейім екеніңіз маңызды емес. Оның мақсаты, бойыңызға еніп, өмірлік маңызы бар ағзаңызға ақау түсіру, сау ағзаны мүгедек ағзаға айналдыру. Бізге осыны түсінетін кез келді.
– Әлеуметтік желілердің қазақстандық, өзбекстандық сегменттерінде КВИ-ден айығуға себеп болатын ұсыныстар жайлы көп айтылады.
– Ондай ақпараттардан хабардармын. Адыраспан, зімбірге қатысты айтарым, оның пайдасы медициналық деңгейде дәлелденген жоқ. Ал саумал қымыз тәрізді сүт қышқылы бактерияларымен ашытылмаған. Қымыз тірі сүт қышқылы бактерияларымен ашытылған. Мен алғашқысына емес, соңғысына басымдық берер едім. Ашыту процесі кезінде пайдалы ферменттер, В витамині тобы, омега-3 қышқылы және антиоксиданттар пайда болады. Осылайша ашытылған сүт өнімдері миллиардтаған бактерияларға, біздің асқазан-ішек жолдарымызда өмір сүретін ұсақ тіршілік иелеріне әсер етуі мүмкін. Оның микробиома деген ғылыми атауы бар, жалпы салмағы 2,5 килоға жетеді. Көптеген ғалым микробиоманы көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды адам ағзасы деп атайды. Біздің микробиоманы құрайтын микробтардың көпшілігі денсаулыққа пайдалы. Олар тағамды сіңіруге, одан пайдалы заттарды алуға және зиянды токсиндерді кетіруге көмектеседі. Бұл семіздік, аллергия және созылмалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Ішектерден басқа, олар басқа қуыс мүшелерде, мысалы бронхтарда, ауыз қуысында, жатырда және зәр шығару жолдарында кездеседі. Микробиоманың дұрыс тепе-теңдігін сақтау үшін ішек бактерияларының өсуіне тыңайтқыш болатын көкөністер мен жемістерді үнемі тұтынуды қажет етеді. Егер күнделікті ас мәзіріне қымыз қосылса, пайдалы бактерияларды одан әрі нығайтуға болады. Осылайша біз өзімізді тек коронавирустан ғана емес, сонымен қатар көптеген аурудан да қорғай аламыз.
– Алты айдан бері коронавирус пандемиясымен өмір сүріп жатырмыз. Адамзат коронавируспен күресте жеңіске жете ме?
– Атақты микробиолог, Нобель сыйлығының лауреаты Джошуа Ледерберг айтқандай, микроорганизмдер саны жағынан бізден асып түседі, бірақ біз сақтықпен өмір сүреміз, өкінішке қарай көп адам мұны ескере бермейді. Вирустардың бағыты бізге қарағанда анағұрлым тереңге бағдарланғанын енді түсініп отырмыз. Өмір сүру үшін олар өзгереді, бейімделеді, ал көбіміз сенімдеріміз бен күнделікті әдеттерімізді өзгертуден бас тартамыз. Бізге үнемі арақашықтықты сақтау, маска тағу немесе оқшаулану қажеттілігі ескертіледі. Бұл ескертулердің артында адам өмірі, бастың амандығы тұр. Миллион маска, өкпені жасанды түрде желдететін аппараттың құны бір ғана авиалайнердің бағасымен бірдей. Қазір халықаралық әуе ұшақтары ұшуын тоқтатты. Бірақ сақтық шаралары туралы ескертпелерді әлі де жүре тыңдаймыз. Солай бола тұра пандемиямен күресте өз қалауымыз бен оптимизмімізге үміттене беремін. 40 жылдан бері иммунология саласында жүрмін. Өмірімді адамның иммун тапшылығы вирусы – СПИД-пен күресуге арнадым. СПИД-тің себептерін түсіну үшін ғалымдарға бірнеше жыл қажет болды, вирустың генетикалық құрылымын ашу он шақты жылға созылды. Оған қарсы вакцина әлі жоқ. Ал коронавирусты зерттеудегі ғылыми жетістіктерге қарап шүкір деуге болады. Пандемия басталғаннан соң бірнеше апта ішінде коронавирустың генетикалық құрылымының шифріндегі жұмбақтарды шештік. Бұл қатерлі вируспен қалай күресудің жолдарын көрсетіп берді. Нәтижесінде, дерттің тырнағына ілініп қалған замандастарымызды ажалдан арашалап алудың сәті түсті. Дерттің таралуын тоқтататын вакцина алдағы бірнеше айда жасалады деп айтуға негіз бар. Коронавирусқа қарсы препараттарды жасаудың маңызды перспективалары бар. Бұл мәселеде әлі де көп түсініксіздік бар, бірақ Сovid-19 вакциналары мен емдеу саласындағы кейінгі жаңалықтар қуантады. Үміттендіретін екінші мәселе – АИТВ вирусымен салыстырғанда, коронавирус өміршең емес. АИТВ жұқтырған пациенттер ешқашан одан толықтай арыла алмайды. Қазіргі коронавирустың адам ағзасына қонақтайтын уақыты шамамен 3 апта, бұл мерзімде дерттен айығып шығады. Яғни жағдай әбден реттелген. Нью-Йоркті алайық. Осыдан бірнеше ай бұрын бұл мегаполис пандемияның ошағы болды, күн сайын 800 адам қайтыс болады. Қалада аурухана төсектері жеткіліксіз болғандықтан, орталық саябақта шатырлы қалашық құрылды. Нью-Йорк бүгін коронавирустың өлімін нөлдік деңгейге дейін түсірді. Халқы тығыз үлкен мегаполис бұған қарсы тұрса, онда бұл күш әлемдегі кез келген қаланың және елдің қолында деп айтуға болады. Пандемиямен күресудің қиыншылығы – адамзат қазіргі коронавируспен ешқашан кездеспеген. Бірде-бір адамда иммундық қорғаныс жоқ, адамның ағзасы онымен күресуге дайын болмады, денсаулығында ақау барлар бірінші болып жұқтырды, тірі қалғандар иммундық қорғаныс жасады. Ғалымдар ұжымдық қорғаныс үшін коронавирус инфекциясынан халықтың 40 пайызға жуығы ауырса, жеткілікті деп санайды. Егер біз осыған вакцинаны дамытудың жақын қалғанын қосатын болсақ, онда біз иммундық антиденені қалыптастыруға біртіндеп жақындап келеміз деп болжауға болады. Сондықтан мен кез келген қоғамдық жерде маска тағуды жалғастыра беремін, адамдардан, әсіресе үйден аулақ боламын, ал ауру белгілері пайда болған жағдайда өзімді оқшаулауға тырысамын. Сіздерді де соған шақырамын.
Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan» басылымы