27 жел, 2019 сағат 12:20

Алматылықтар жаппай қан тапсырып жатыр

Алматылықтар қан тапсыру орталығына ағылып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлмерек ауылында болған ұшақ апатынан соң әлеуметтік желіде қан доноры қажет екені туралы ақпарат тараған болатын. Бұл ақпаратты Instagram желісінде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин және Алматы қаласының әкімдігі жариялаған еді.

Сонымен қатар, белгілі әнші Мейрамбек Беспаев та көпшілікті қан тапсыруға шақырды.

Әлеуметтік желідегі хабарламадан соң қала тұрғындары қан орталығына қарай ағылды. Бірер сағаттан соң қаладағы қан орталығына жиналған адам қарасы көбейіп кетті. Донор болуға ниет білдіргендердің саны сағат санап артып жатыр.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

ҚР ДСМ ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ресурстар жеткілікті екенін, қан тапсырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.