04 ақп, 2021 сағат 11:00

Алматылықтар саябақ орнына 13 қабатты тұрғын үй кешенін салуға қарсы

Гагарин даңғылының бойындағы тұрғындар сол маңда жүргізілетін құрылыс нысанына наразы. Жұртшылық шағын саябақ аймағының орнына жеке құрылыс салушының 13 қабатты тұрғын үй кешенін тұрғызуға шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Есеп беру жиын барысында Гагарин даңғылының тұрғындары Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетовтен «Комфорт» және «Gagarin Park» тұрғын үй кешенінің ортасына 13 қабатты тұрғын үй салуға рұқсаттың бар-жоғын сұрады. Олардың айтуынша, бұл жерде саябақ салу жоспарланған. Қазір бұл маңда қарапайым жұртшылық серуендейтін жер жоқ.

«Расымен осы тұрғын үй кешендерінің арасында бос жер бар. Бұл учаске жеке меншікке тиесілі. Ол мұнда көпқабатты тұрғын үй салуға өтініш білдірді. Осыған байланысты біз бұл мәселені сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасымен бірге қарап жатырмыз. Әлі де онда не салуға болатынын ақылдасамыз. Егер қандай да бір шешім қабылданған жағдайда нысан барлық құрылыс талптарына сәйкес болуы керек. Сонымен қатар, тұрғындардың мүддесі ескеріледі», - деп жауап берді аудан әкімі.

Ол Мемлекет басшысы мен қала әкімінің тапсырмасы бойынша әр нысанды салу мәселесі мұқият қаралатындығын атап өтті. 

«Бұл мәселе жан-жақты зерттелетін болады. Нақты шешімді тұрғындарға жеткізетін боламыз», - деді Алтай Рахымбетов.