03 ақп, 2022 сағат 16:08

Алматылықтар Қазпошта бөлімшелеріндегі кезекке шағымданды


Алматылықтар Қазпошта бөлімшелеріндегі үлкен кезекке шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солардың бірі - «Нуркент» шағын ауданының тұрғыны Жазира Ыдырысова.

«Мен - пошта қызметін жиі қолданатын тұтынушыларының бірімін. Екі аптада бір рет Нұр-Сұлтан қаласына құжат жіберуім керек. Қашан келсем де ұзын-сонар кезек. Әсіресе, түскі сағат 11-ден кейін хат пен сәлемдеме жөнелту мүмкін емес. Маған Алатау ауданына қарасты «Нұркент» шағын ауданындағы № 38 пошта бөлімшесі жақын. Сондықтан осында келемін. Бір ғана терезе жұмыс істейді. Мамандар физикалық тұрғыда қызмет көрсетіп үлгермейді», - деп шағымданды алматылық Жазира Ыдырысова.

«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі мәселеге қатысты түсініктеме берді.

«Алатау ауданындағы № 38 бөлімшеде әдетте кезек болмайды. Қазіргі таңда оператордың екі орны бос тұр. Залда 4 адам жұмыс істейді. Жалпы Алматыда филиалдарда бос жұмыс орындары бар. Оның үстіне көптеген қызметкерлер денсаулығына байланысты демалысқа шықты», - деп хабарлады Қазпоштаның баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, қазір операторлар, пошташылар, курьерлер мен инкассаторлар үшін бос жұмыс орындары бар.

Айта кетейік, Алматыда «Қазпошта» АҚ-ның 67 бөлімшесі бар, онда 670 қызметкер жұмыс істейді.

«Биылғы жылдың 1 ақпаннан бастап «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің жалақысы 93,5%-ға өсті. Компания пошташылардың, операторлардың, жүргізушілердің, экспедиторлардың және басқа да өндірістік қызметкерлердің жалақысын индексациялады», - деп атап өтті Қазпошта баспасөз қызметі.