03 ақп, 2022 сағат 03:12

Алматылық дәрігерлер бала күнінен балдақпен жүрген ер адамды аяққа тұрғызды


Алматылық дәргерлер Қызылордадан келген 34 жастағы ер адамның аяғына күрделі операция жасады. Бірегей ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, операция нәтижесінде пациенттің сол аяғы 5 сантиметрге ұзартылып, аяқтары теңесті.

Дәрігерлер пациентке «Жамбас сүйегінің туабітті кемістігі. 3-типтегі CROWE» диагнозын қойған. 

Ортопед маманның айтуынша, жігіттің оң аяғы сол аяғынан 6 см ұзын болған. 

Сондықтан ол бала күнінен балдаққа сүйеніп жүрген. 

«Біз эндопротездің көмегімен сол жақ жамбас сүйегін толық ауыстырып, сол жақ жамбасты анатомиялық жағынан ұзарттық», - дейді клиниканың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекелов. 

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, жамбас буынын эндопротездеу кезінде жамбастың басы, мойны мен ұршық толығымен жасанды протезге ауыстырылады. 

«Мұндай жағдайда жамбас сүйегінің остеотомиясы деп аталатын тәсіл жақсы нәтиже береді. Ол аяқтағы ақауды түзетіп қана қоймай, аяқтың қызметін де айтарлықтай қалпына келтіруге көмектеседі. Операция 2,5 сағатқа созылды», - деді дәрігер.

Айта кетейік, операция әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды. 

«МӘМС пакеті арқылы осындай күрделі операцияларды жасатуға болады. Сақтандырылған тұрғындар бағасы қымбат болып келетін, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызмет түрлерін қажетінше пайдалана алады», - дейді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.