21 нау, 2020 сағат 14:42

Алматыдан 2 тәулікте 23 555 көлік шықты

Алматыда 2 тәулікте 23 555 көлік облысқа шығып кеткен. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қала аумағы бойынша енгізілген карантинге байланысты қаланың барлық кіру және шығу жолдарында 27 блок-бекеттер орналастрылды. Патрульдік полиция полкі, Жедел әрекет ету жасағы, Қорғаныс министрілігінің Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылған аталған бекеттерде Алматы қаласына кіретін барлық автокөліктерге шектеу қойылды. Көліктердің қала аумағына, тек қана Алматы қаласында тіркеуде болуы тиіс жағдайда ғана жіті тексеріліп, өткізіліп жатыр. Блок-бекеттердің жұмысы іске қосылған күннен бастап 28 960 автокөлік, оның ішінде 23 744 жеңіл көлік, 907 шағын автобус, 4309 жүк көлігі, барлығы 59 975 жолаушы қала аумағына кірді. Түрлі жағдайларға байланысты және қала тұрғынадары емес болғандықтан 2765 көлік жүргізушілеріне қалаға кіруге рұқсат берілген жоқ. Алматы облысы аумағына көліктер ешқандай кедергісіз өткізіліп жатыр. Жалпы Алматы қаласы аумағынан 23 555 көлік, оның ішінде 19392 жеңіл, 746 шағын автобус, 3417 жүк көлігі, 50209 жолаушы шықты», - деді Жандос Мұраталиев. 

Мұның алдында блок бекеттері арқылы 2000 теңгеге Алматы территориясына жолаушы өткізем деп уәде берген таксист ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Карантин жарияланғалы бері 2 тәулік ішінде Алматыда қылмыс көрсеткіші 25 пайызға, жол апаты көрсеткіші 70 пайызға азайған.