Фото: Polisia.kz
Алматы қаласында болған резонанстық жол-көлік оқиғасы Ішкі істер министрінің тапсырмасымен ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, аталған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу барысында оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Сонымен қатар министрдің тапсырмасымен қызметтік тексеріс басталып, оның объективті өтуін қамтамасыз ету үшін Алматыға ІІМ-нің бірнеше құрылымдарының басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері жіберілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдік бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша тергеу басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізіліп жатқан тергеу мен қызметтік тексеріс аясында барлық мән-жайлар, оның ішінде әлеуметтік желілерде тараған ақпарат жан-жақты қаралуда. Нәтижесінде бірқатар кадрлық шешімдер қабылданып, Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтен босатылды.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев заң бұзушылықтар расталған жағдайда апатқа қатысы бар барлық тұлғалар жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, заң алдында бәрі тең және ешкімге артықшылық берілмейді.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды.
