Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтынының дәрігерлері ресейлік әріптестермен бірлесіп күрделі жүрек ырғағының бұзылуын емдеуге арналған құрылғының соңғы нұсқасы - CARTO 3V7 Prime көмегімен операциялар жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жақын және алыс шетелдердің жетекші ғылыми медициналық орталықтарымен ынтымақтастық шеңберінде клиниканың аритмологтары үшін іргелі және трансляциялық медицина федералды зерттеу орталығының (Ресей) жетекші қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Сергей Артеменконың қатысуымен жүрек ырғағының күрделі бұзылулары бар науқастарға операциялар жасайды.
«Биылығы жылы біз рентгенэндоваскулярлық операциялық блокты халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жетілдірдік. Жүрек аритмиясын емдеу мәселелерінде «алтын стандарт» деп танылған CARTO 3 V7 Prime ерекше үш өлшемді жүрекішілік навигация жүйесін орнаттық. Бұл жүйе жүрек ырғағының күрделі бұзылулары бар науқастарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ол жүрекке жасалатын түрлі аритмологиялық араласулар кезінде және халықаралық тәжірибеде сәтті қолданылады», - деді дейді институттың Басқарма төрағасы Роза Қуанышбекова.
Оның айтуынша, емдеудің ең инновациялық әдістерінің бірі радиожиілікті аблация (РЖА) тәсілі. CARTO 3 V7 Prime пайдалану осындай процедураның тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы ерекше қондырғы жүректің толық үш өлшемді карталарын жасауға және адам өліміне алып келуі мүмкін ауру - аритмияның көптеген түрлерін емдеуге қабілетті.
«16 ақпаннан 19 ақпанға дейін шеберлік класы шеңберінде түрлі жастағы жүректің күрделі патологиясы бар шамамен 30 пациентке операция жасалатын болады. Ерекше бір жағдайды айта кету керек, бүгін 27 жастағы, 20 апталық жүктілігі бар пациентке операция жасалды. Ол әлсіздік, басының айналуы, есінен тану, жүрек жұмысындағы үзілістер, қалыпты дене қимылының жүктемесі кезінде ентігу, жалпы әлсіздік, шаршау секілді белгілермен ілесетін жүрек соғысының жиілену ұстамасының болатындығына шағымданды. Оған пароксизмалды қарыншаүсті тахикардия диагнозы қойылды. Синкопе. Операция сәтті өтті. Пациент өзін жақсы сезінеді», - дейді дәрігер.