12 мам, 2022 сағат 18:01

Алматыда жастардың тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау 18 мамырда басталады


Биыл «Алматы жастары» жобасы аясында қаланың 1 мың тұрғыны баспаналы болады. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айтуынша, өтінім қабылдау 18 мамырдан бастап 1 маусымға дейін жалғасады. 

«Биыл Алматыда 1 мың жас отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Олар – медицина қызметкерлері, оқытушылар, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының мамандары», - дейді Ерболат Досаев. 

Бұл бағдарлама арқылы үй сатып алу үшін 5%-бен 25 жылға 18 млн теңге несие берілетін болады. Дегенмен, бастапқы салым ретінде үй алушы 10% сомасын төлеуі қажет. 

Айта кетейік, 2020 жылы үй алуға берілетін қарыз 13 млн теңге еді. Былтыр несие көлемі 18 млн теңгеге арттырылды.