27 жел, 2019 сағат 09:28

Алматыда ұшақ құлаған жерде не болып жатыр?

Бүгін Алматы маңында Талғар ауданында жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаланың барлық шұғыл қызметтері ұшақ апаты болған жерде жұмыс істеп жатыр.

Қазір апат болған жерде адам қарасы көп. Оның ішінде қаланың жедел қызметтерінен бөлек, журналистер, ауыл тұрғындары да бар.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті жолдардың тарлығынан кейбір жедел жәрдем көліктері өте алмай жатыр.

Полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары қоршау аймағын үлкейтіп жатыр.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.