Фото: Polisia.kz
Алматыда шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін субсидия алып береміз деп уәде бергендер ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
32 жастағы А. есімді Алматы облысының тұрғыны және Түркістан облысының тұрғындары – 23 жастағы Н. есімді және 28 жастағы С. есімді азамат күдікті деп танылды.
"Біздің бөлімшенің криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен күдіктілерді ұстады. Шағын бизнеске субсидия алуға көмектесеміз деген желеумен жастар қызметтері үшін ақша алып, уәдесінде тұрмаған. Тергеудің осы кезеңінде күдіктілердің осыған ұқсас 12 эпизодқа қатысы бар екені белгілі болды. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады. Күдіктілер қамауға алынды", - деді, Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Беркінбаев.
Сонымен қатар, тергеу ұсталғандардың басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Осыған байланысты, полиция қызметкерлері, күдіктілерді таныған жағдайда мына телефон нөмірлеріне хабарлауға шақырады: 8 (727) 227-55-02 және 8-777-235-55-15.
Айта кетейік, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.