29 қаң, 2021 сағат 21:56

Алматыда скринингтен кейін 13 әйелден қатерлі ісік анықталды

Алматыда 73 мыңнан астам әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне тексерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық онкологиялық диспансері таратқан ақпаратқа сәйкес, былтыр скринингтен өткен әйелдер арасында 13-інен қатерлі ісік, 2122 әйелден қатерлілігі төмен ісік анықталған. Есепке жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозымен 145 әйел алынды. Олардың барлығы мамандардың бақылауында.

Қалалық диспансердің онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекованың айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігін ерте бастан анықтаған жағдайда толық емдеп жазуға болады. 

«Өкінішке орай, қазір жатыр мойны қатерлі ісігі әйелдер арасында статистика бойынша көш бастап тұр. Скрининг – осы көрсеткішті азайтудың басты тетігі. Яғни, жатыр мойны эпителиясындағы өзгерістерді алдын ала анықтап, емдеп жазса, ол жерде қатерлі ісік дамымайды», - деді маман.