20 қаң, 2020 сағат 13:30

Алматыда Сәбит Досановтың 80 жылдығы атап өтілді

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алаш», Ресейдің Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Сәбит Досановтың құрметіне арналған шығармашылық кеш Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Кешке зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының әкімі, жазушының шетелдегі қаламдас достары келді. Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.

«Құрметті Сәбит Айтмұханұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға ой-пікірін білдіріп отыратын қайраткер ретінде жақсы біледі.Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіз өз жемісін беріп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер бүгінгі заманмен үндестік тауып, ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды тартымды туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған жеделхатта.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында жазушының оқырмандар ілтипаты мен құрметіне бөленіп, кең тынысты кесек туындыларының ұлттық әдебиеттің, соның ішінде көркем прозаның өркендеп, өрісінің кеңеюіне елеулі үлес қосқаны айтылады.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау хат жолдады. Сондай-ақ, жазушыға Рессей, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан, Түрік, Қырғызстан елдерінен арнайы келген белгілі жазушылар мен журналистер жылы лебіз білдірді.