11 желтоқсанда «Алматы-2» станциясына келген пойызда 50-ден астам жолаушы табиғи газдан уланды. Белгілі болғандай, вагондар оңтүстіккореялық сериал түсіру үшін киностудияға берілген, деп хабарлайды Ult.kz Криминальный Казахстан телеграм арнасына сілтеме жасап.
Хабарламаға сәйкес, 10 бала ауруханаға жеткізілді, олардың екеуі жансақтау бөлімінде, қалғандары профильдік бөлімдерде жатыр. Басқа зардап шеккендер амбулаторлық емделуге жіберілді.
«Оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы жұмылдырылды. Барлық зардап шеккендер қалалық стационарлардың қабылдау бөлімдеріне тексеріс пен медициналық көмек көрсету үшін жеткізілді. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында», – деп хабарлады Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
КТЖ өкілдері оқиғаға қатысы жоқ екенін нақтылады: пойыз жеке компанияға тиесілі және түсірілім үшін киностудияға берілген.
Куәгерлердің айтуынша, шетелдік жоба түсіріліп жатқан, алайда алаңдағы жағдай тым ауыр болған. Пойыз салқын болғандықтан, адамдарды жылыту үшін газ жанарғысы пайдаланылған. Осыдан кейін жағдай бақылаудан шыққан. Алдымен балалар есінен тана бастаған — бір бала құлап түсті, артынша басқалары да құлаған.
«Қатты дүрлікпе басталды. Алаңда дәрігер болмады. Газ жабық вагонда жиналып қалған. Балалардан кейін әйелдер де есінен тана бастады. Мен де жанында тұрдым, келесі кезек менікі екенін түсіндім. Соңында бізді басқа вагонға эвакуациялады», – дейді оқиғаның куәгері.
Улы газдан улану фактісі бойынша «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
