17 қаң, 2022 сағат 20:17

Алматыда мүліктің барлық түрі бойынша залал 112 млрд теңгені құрады


Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнес нысандары арасында қызметі азық-түлік сатумен байланысты емес дүкендер ең көп зардап шеккен. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі күні Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша залалды бағалау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялар құрылып, жұмыс істеуде. Комиссия жұмысына барлық қызметтер мен ұйымдар, оның ішінде «Атамекен», тәуелсіз бағалаушылар мен аудиторлар палатасының өкілдері кірген. 

14 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Алматыда мүліктің барлық түрі бойынша залалдың жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астамды құрады. Оның ішінде бизнес субъектілері бойынша – 67 млрд теңге. 

Ілияс Өсеровтың айтуынша, қалада азық-түлік емес дүкендеріне – 20,9 млрд, азық-түлік дүкендеріне – 5,7 млрд, қару-жарақ дүкендеріне – 6,4 млрд, ломбардтарға – 2,9 млрд, қоғамдық тамақтану объектілеріне 1,8 млрд теңгеге зақым келген. 

«Қаржы ұйымдары бойынша (банк бөлімшелері, банкоматтар) алдын ала дерекке сәйкес, залал 701,7 млн теңгені құрады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, зақым келген нысандар бойынша деректер жинауда. Жақын күндері агенттіктен мәліметтер аламыз деп күтудеміз», - деді ол. 

Ірі бизнес бойынша шығын шамамен 25 млрд теңгені құрады. Бұдан басқа, жанар-жағармай құю бекеттеріне 306 млн теңге көлемінде зақым келген. Басқа нысандар бойынша 3,1 млрд теңгені құрады. 

«20 әкімшілік ғимарат, полиция департаментінің 10 бекеті, 17 экопост және әуежай ғимараты бойынша шығын 22,6 млрд теңгеден асады», - деп атап өтті Ілияс Өсеров.

Сонымен қатар әкімдік ғимаратына – 20 млрд, ҚР Бас прокуратураның арнайы есепке алу басқармасының ғимаратына – 2 млрд, Полиция департаменті мен аудандық басқармалардың ғимараттары мен бекеттеріне - 205 млн,17 экопостқа – 162,7 млн, медициналық нысандарға 2,1 млн теңгеге зақым келген.