Алматыда мемлекеттік қажеттілікке жер учаскелерін алумен айналысатын кәсіпорын ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Қазір әкімдікте 21 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалар жүзеге асу үшін көп нысандар сүрілетін болады.
«Бүгінде бізде 600-700 учаске күрелуі тиіс. Бұл қыруар жұмыс болмақ. Мұны тек бір ғана басқара тындыра алмайды. Болашақта бұл жұмыстың тыңғылықты әрі мерзімінде орындалуы үшін арнайы кәсіпорын ашуды ұсынып отырмыз», - деді қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов.
Оның айтуынша, Алматы қаласының жаңа мәртебесі туралы заң да осыған мүмкіндік беріп отыр.
«Алматы агломерациясын дамыту – 2050» бағдарламасын, «Алматы-2050» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында кешенді жасалып жатыр. Бұл жоспарға сәйкес қаланың шеткі аудандарын дамыту көзделген. Қазір бізде 21 жоба қолға алынып жатыр. Ал бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 600-700 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне алынуы керек. Әр мүлік иесімен сапалы жұмыс жүргізу үшін бір ғана басқарманың күші жетпейді. Бұл - үлкен әлеуметтік мәселе. Көп жағдайда бұл адамдардың жалғыз баспанасы болып жатыр», - деді басқарма басшысы.