22 сәу, 2022 сағат 11:16

Алматыда қыз алып қашқандардың әрекеті пранк болып шықты


Алматыда видеоға түсіп қалған қыз алып қашқандардың әрекеті пранк болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Алатау ауданы "Алматы Арена" кешенінің жанында орын алған оқиға - пранк болып шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеодан такси ұстап тұрған қызды мемлекеттік нөмірі жоқ ақ көліктен шыққан екі жігіт сүйреп алып көлікке мәжбүрлеп мінгізеді. 

Осы факт бойынша тексеру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде оның ұйымдастырушылары мен қатысушылары анықталды. Олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

"Бұл әлеуметтік эксперимент - пранк болғанын хабарлаймын. Мен сол видеодағы қызбын. Менде бәрі жақсы, мені ешкім ұрлаған жоқ. Көпшіліктен кешірім сұраймыз", - деді 2004 жылы туған бойжеткен.

"Chevrolet Nexia" көлігінің жүргізушісі 1988 жылы туған жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицияның мәліметінше, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 2-бөлімінің 290-бабында ("мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз КҚ-ны басқару" және ҚР ӘҚБтК-нің 1-бөлімінің 601-бабында ("жол белгілері мен таңбаларының талаптарын орындамау") көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.