23 қаңтарда Алматыдағы құрылыс алаңында мұнаралы кран құлап, краншы жігіт мерт болды, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оқыс оқиға сағат 10:40 шамасында Әуезов ауданы Науаи көшесіндегі "NAVOI 3.0" тұрғын үй кешенінде болған. Құрылыс салып жатқан "Мирас констракшн" мердігер компаниясы жалға алған кран құлаған. Қатты жарақат алған 49 жастағы краншы жедел жәрдем көлігі жеткенше қайтыс болған.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерек ҚК-нің 277-бабы 2-бөлігі "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін мәлімдеді.
"Бұл істі Әуезов аудандық Полиция басқармасы тергеп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - делінген ведомство хабарламасында.