Фото: Vlast.kz
Алматы прокуратурасы құны 2,6 миллиард теңге болатын «Баспалар үйі» акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясын мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алмалы ауданының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде, 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі бұл активтің заңсыз жекешелендірілгені анықталған. Атап айтқанда, жоғары құнына қарамастан, акциялар жеке тұлғаға нарықтан төмен бағамен берілген.
Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында прокуратура сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Бірінші сатыдағы сот прокурордың талабын қанағаттандырды. Кейін апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, заңды күшіне енгізді.
Прокуратураның ресми мәліметінше, бұл әрекет заңсыз жекешелендіру фактілерімен күрес және мемлекет мүлкін қайтару бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып отыр.