12 ақп, 2021 сағат 14:21

Алматыда коронавирусты қоғамдық орындарда жұқтыру 5%-ға артқан

Қазір Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша «жасыл» аймақта, оның «сары» аймаққа өтпеуі үшін санитариялық шаралардың барлығы күшейтілген, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифинг барысында айтты.

Қалада қоғамдық орындарда вирусты жұқтыру 5 пайызға артқан. Негізінен ауа райының жылуына байланысты адамдардың көпшілік жерге жиі шығуынан болып отыр. Сондай-ақ отбасында вирус жұқтыру 2%-ға артқан, яғни той, құдалық сияқты отбасылық жиындар әсер еткен. Бір аптада осындай жиында вирус жұқтырған 16 жағдай тіркелді. Бұл халықтың босаңсып, қауіпсіздік шарасын ескермегенін көрсетеді, - деді ол.

Сондай-ақ ол қоғамдық көлікте вирус жұқтыру деңгейі бұрынғыдай 20-22 пайыз көлемінде қалып отырғанын айтты.

Коронавируспен негізінен 20-40 жас аралығындағы азаматтар сырқаттанып жатыр екен. Одан кейінгі орында 40-50 жас аралығындағы азаматтар. 14 жасқа дейінгі балалар – 11% құрайды. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер - 4% құрап отыр.

Сонымен қатар ол қалада тұмаумен ауырғандар тіркелмегенін айтты.

Өткен жылы осындай кезде 230-дан астам адам тұмаумен тіркелген болатын. Қазір тұмаумен ауырғандар тіркелген жоқ, - деді Қалықова.