29 қаң, 2021 сағат 09:45

Алматыда көпбалалы аналар мен соғысқа қатысқандар автобуста тегін жүретін болды

Алматыда қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін жолаушылар санаты кеңейді. Бұл бастама Алматы қаласының әкімдігі VII шақырылымдағы мәслихаттың кезектен тыс II сессиясында ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутаттар оның оң шешім екенін атап өтіп, бірауыздан қолдады.

Бұған дейін бұл жеңілдікті 9 санатқа жататын адамдар пайдалана алатын. 

Енді қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жүру құқығын тағы 3 санатқа жататын азаматтар пайдаланатын болады.

- басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер;

- «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар;

- он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды жетектеп жүретін тұлғалар.

Ондай азаматтардың саны да айқындалды. 

Алматыда 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды алып жүруші 1161 адам 50% жеңілдікпен жүретін болды. Ал «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы 4 663 ана тегін жүреді.